«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістанда Созақ ауданының мәдениет күндері басталып, облыс тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз мерекеге айналды. Шара халқымыздың бай дәстүрі мен мәдениеті таныстырылған Этноауылдан басталды.
Ұлттық спорттың құрметіне армрестлингшілер арасында қызықты жарыстар өтті. Қатысушылар қошқар көтеру, найза ату, ләңгі тебу, арқан тарту, гір тасын көтеру және қол күресі сынды бірнеше номинациялар бойынша сынға түсті. Бұл жарыстар спортшылардың физикалық дайындығы мен шеберлігін көрсетіп қана қоймай, мәдени мұраны сақтаудағы ұлттық спорт түрлерінің маңыздылығын атап өтті. Бағдарламада спорттық шаралардан бөлек, Созақ өңірінің тарихына арналған театрландырылған көріністер де болды. «Тарихы қайталанбас, жаңарған өріс Созағым!» көрмесі және «Сырым да сен, әнім де сен – Түркістан!» шығармашылық жобасы. жұртшылық арасында үлкен қызығушылық тудырып, өлкенің бай тарихы мен дәстүрін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Мәдениет күндері аясында облыстың мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы әдебиеттер ұсынылған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ суретші Ақмарал Бейімбетовна Байғараеваның жеке көрмесі де назарға ұсынылды. Ол Еуразиялық Дизайнерлер одағының және Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, «Қаратауым, құпиялым» тақырыбындағы жұмыстарын ұсынды. Көрме автордың дара стилі мен өз халқының мәдени тамырымен терең байланысын көрсететін сан алуан пішіндер мен түстермен көрермендерді таң қалдырды. Осылайша, Түркістан облысындағы Созақ ауданының мәдениет күндері мәдени байланысты нығайтып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге септігін тигізетін айтулы оқиғаға айналды. Іс-шара мәдени құндылықтарды сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын көрсетеді. Өңірімізде ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, туристік әлеуетті арттыру және рухани құндылықтарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған шаралар жалғасын табуда. Сырлы Созақ өнерпаздарының концерттік бағдарламасы гала концертке ұласпақ. Бұл шара сағат 19:30-да сәнді Керуен сарай кешенінде өтеді және облыс тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз мәдени мереке болмақ. Шараның басты мақсаты – мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің байлығын кең аудиторияға таныстыру. Біз көпмәдениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз және бұл шара ғасырлар бойы мәдени мұрамызды қалыптастырған халықтық әдет-ғұрыптардың, музыка мен би формаларының алуан түрлілігін көрсетеді. Сонымен қатар, шара өңірге туристерді тартуға бағытталған. Мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің атмосферасына ену тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, сонымен қатар біздің өлкеміз туралы көбірек білгісі келетін саяхатшылар үшін де қызықты болатынына сенімдіміз.
Бағдарламада түрлі іс-шаралар: халық қолөнері бойынша шеберлік сабақтары, дәстүрлі бұйымдар көрмесі, фольклорлық қойылымдар және ұлттық тағамдардан дәм тату болады. Қонақтарға қызықты интерактивті платформалар ұсынылады, онда әркім халық қолөнерімен танысып, тіпті өздерін қолөнерші ретінде де сынай алады. Кеш көрермендерге жарқын эмоциялар мен ұмытылмас әсерлер сыйлайтын талантты облыс өнерпаздары, сондай-ақ эстрада жұлдыздары қатысатын гала-концертпен аяқталады. Бірегей шоу-бағдарламада дәстүрлі нөмірлік қойылымдар да, тамаша мерекелік атмосфераны қалыптастыратын заманауи музыкалық шығармалар да болады. Аталмыш іс-шарасы. қоғамдағы рухани құндылықтар мен келісімді нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Мәдени мұрамызды сақтауға және насихаттауға бағытталған бастаманы өңірдің барша тұрғындарын келіп, қолдауға шақырамыз. Музыкаға, биге және қонақжайлылыққа толы күн барлық қатысушылар үшін ұмытылмас болады. Сіздерді мерекеміздің атмосферасына еніп, бізбен бірге халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметті жаңғыртуға шақырамыз. Айта кетейік, аталған шара «Этноауыл» аумағында 7 қыркүйек күні де жалғасады. Сағат 11:00-19:00 аралығында салт-дәстүрлерге байланысты көріністер, ұлттық тағамдар мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардан және аудандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп, «Теріскей – таланттар мекені» атты аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы, «Қырық өтірік» тақырыбында көше театры стиліндегі көрініс-қойылым ұйымдастырылады.