Түркістан облысында жыл соңына дейін 662 пәтер пайдалануға берілмек. Игілікті іс мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы. Қазір жергілікті «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» мен атқарушы органдар арасында келіссөздер жүргізілуде. Мемлекеттік баспаналарға кімдер қол жеткізе алады? Ол үшін қандай құжаттар қажет? Бұқараның бас ауруына айналған баспана мәселесі Шымкент қаласында оңтайлы шешімін тауып келеді. Бір ғана «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» арқылы жыл басынан бері 1 600 отбасы пәтер кілтіне қол жеткізген. Енді міне, тағы 650-ден астам отбасы қоныс тойын тойламақ. Ақылбек Қоспанов — «Қазақстанның Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары «Әкімшілік іскерлік орталықтан 150 мың шаршы метрді құрайтын баспаналар бой көтеруде. Оларда жалпы 2478 ипәтерлі 40 үй бар. Соның 12 үйі, яғни, 662 пәтерін біз биыл бермекпіз». Қош, бұл үйлерді кімдер алады? Тармақтап айтсақ. Баспаналардың 50 пайызына жергілікті жердегі әкімдікте тұрғынүй кезегінде тұрған азаматтар қол жеткізбек. Тағы 50 пайызы, яғни, 331 пәтер «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына үлестірілмек. Ақылбек Қоспанов — «Қазақстанның Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары «Әкімдіктің кезегінде тұрған азаматтар біздің банкке келіп, счет ашуы керек. Ол талабы солай. Бізде салымшы атануы міндеттеледі. Біз қазір осы бойынша азаматтарды қабылдап, конкурстар ұйымдастырып жатырмыз». Айдана Мақтанбек табысының 50 пайызын банкке депозит ретінде құйып отыратын. Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіндегі жаңалықты естіп, қаржысын баспана алу үшін осында аударып үлгерді. Енді, қыркүйекте болатын конкурсқа қатысып, пәтер кілтін алуға асығып жүр. Айдана Мақтанбек, қала тұрғыны «Басқа банкке ақша жинайтынмын. Қазір осы банкке әкеп құйдым. Мұнда пайызы арзан екен. Соған қуанып тұрмын. Енді мен де баспаналы боламын деп ойлаймын». «Нұрлы жер» бағдарламасымен берілетін пәтерлерді тапсыру үшін қыркүйектен бастап, конкурс жарияланады. 5 пайыздық мөлшерлемемен үлестірілетін үйлерге ел аумағында баспанасы жоқ, кез-келген азамат қол жеткізе алады. Мемлекет көрсеткен көмектің шарапатын көріп отырғандар көп осылайша!
П.Биназарқызы