Жарияланды: 27.11.2024

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАРЛЫҚ МЕКТЕПТЕРДІҢ АСХАНАЛАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

фото ТОӨКҚ

 
Түркістан облысында бастауыш сынып оқушылары бір реттік ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілген. Жалпы 2024 жылы өңірде 220 920 оқушы тегін тамақтануда. Бұл туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Нұрбек Нышанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Жалпы Түркістан облысы бойынша қадағалауда 1 062 мектеп пен 21 интернат ұйымы бар. Оның 829-ы мектеп асханасымен қамтылса, 37-і буфетпен, 56-ы кейтеринг қызметімен қамтамасыз етілген. Биылғы жылдың қыркүйек айында Маңғыстау облысына қарасты, Бесшоқы ауылындағы №8 мектебінің 460 оқушысы тамақтан уланған болатын. Осы жағдайға байланысты ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасымен қадағалаудағы барлық мектептің асханаларына бақылау-парағына сәйкес мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қыркүйек айынан бастап өңірдегі барлық мектептің асханаларына мониторинг жұмыстары жүргізілді»,- деді департамент басшысы.
Спикердің сөзінше, мектеп асханаларына қойылатын негізгі талаптарға ас блогының санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысының болуы міндеттеледі. Сонымен қатар, білім алушылардың ауыз су режимін ұйымдастыру мен азық-түлік өнімдерінің жарамдылығы да маңызды.
462 қаралым