Қауынның отаны саналатын Жетісайда бүгінде осы дақыл түрін өндіретін шаруа қожалықтары жетерлік. Жыл сайын мыңдаған тонна өнімді шетелдерге экспорттауда. Дегенмен, аталған дақылдардың өнімін қайта өңдеу кәсіпорындары аз. Оның үстіне бүгінде қауынқақ, қауынқұрт әзірлеу секілді далалық әдіс-тәсілдер ұмыт болып бара жатыр. Биылғы фестиваль арқылы ұмытылған кәсіптер қайта жанданбақ. Биыл түркістандық шаруалар жалпы 61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз еккен. Оның ішінде бақша дақылдарын жинаудан жыл сайын рекордтық көрсеткішке қол жеткізетін Жетісай мен Мақтаарал аудандарында 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз егілген. Түркістан облысының диқандары осы жылдың 7 айында Ресей, Беларусь Республикасы, Латвия, Германия сынды елдерге 80 мың тоннадан астам қауын бен қарбыз экспорттады. Соның ішінде Ресей мемлекетінің нарығына 60 мың тоннадан астам бақша дақылы шығарылған.
Фестивальде қатысқан тұрғындар мен қонақтар дəмі тіл үйінен қауыннан дəм тартып, іс-шараға ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі