Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері 6 жасар қыз баланың асқазанына күрделі ота жасады. Асқазанда өте үлкен мөлшердегі бөгде заттар анықталған пациент шұғыл түрде Түркістан каласынан Облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. Сол мезетте асқазанға ЭФГДС процедурасын жасау арқылы бөгде зат анықталып, күрделі ота жасалды. Ота кезінде дәрігерлер бүлдіршіннің асқазанынан ұйысып қалған бір уыс шаш алып шықты. Асқазаннан шыққан шаштың салмағы бір келіге жуық. Ота сәтті өтіп, емделуші бір күннен кейін палатаға ауыстырылды. Бір аптаға жуық ауруханада ем алған қыз баланың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.
Анасының айтуынша, баланың аурғанына 1 ай болған. Ол асқазан аймағының ауырсынуына, әлсіздікке, тәбетінің болмауына, салмағының төмендеуіне шағымданған.
«Отаның ұзақтығы бір сағатқа созылды. Ота өте сәтті өтті. Жалпы мұндай жағдайлар баланың қараусыз қалғанынан болады. Кішкентай балалар түрлі заттарды аузына салып, салдарынан ішке зиянды заттар жиналады. Бұл жағдай баланың өмірі үшін қауіпті болғандықтан, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауларын ескертеміз. Түркістан облыстық балалар ауруханасында хирургиялық көмектер тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетіледі» деді Облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі Мұқағали Темірбеков.