ҚР Әділет министрлігі Робот жеке сот орындаушысын енгізіп жатыр. Бұл жаңашылдық қазақстандықтардың өтініштеріне байланысты қабылданды. Азаматтар айыппұлды уақытында төлей алмаған жағдайда жеке сот орындаушысына қарыздың 25%-ын төлеуге мәжбүр болды. Робот бұл ақшаны үнемдеуге және қарызды уақытында төлеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков айтты.
«Атқарушылық өндірісті цифрландыру үшін Робот ЖСО әзірленді. Мәселе неде болды? Аймақтарды аралап жүргенде, көптеген азамат: «Біз жеке сот орындаушысына неге 25% төлейміз» деп шағымданды. Мысалы, қалада жоғары жылдамдықты тіркейтін камераға түсіп қалдыңыз делік. Айыппұлды бір айда төлей алмадыңыз. Келесі айда жеке сот орындаушысы сізге қоңырау шала бастайды. Ол сізден бұл ақшаны өндіріп алады. Ол өндіріп алынған сомадан бөлек, оның жұмысы үшін сол соманың тағы 25%-ын төлеу керек. Тиісінше, азаматтардан шағымдар көп түсті: «Неліктен біз осы жеке сот орындаушысына 25% төлеуіміз керек» деген. Содан кейін біз робот жасауды қолға алдық. Ол адамның көмегінсіз, жасанды интеллектпен, бұл ретте азаматтарды банктердің қосымшалары арқылы SMS арқылы хабардар етеді», – деді әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков ОКҚ брифингінде.
Тиісінше, бұл робот ақша үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни, бұдан былай азаматтар сол 25%-дық төлемге қаражат жұмсамайды.
Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда робот 298 мың өндірісті ресімдеп, азаматтардың 550 млн теңге қаржысын үнемдеген.
«Бұл – азаматтар тамыз айынан бастап желтоқсанға дейін үнемдеген ақша. Сондықтан азаматтарды роботпен жұмыс істеуге шақырамыз», – деді Бекболат Молдабеков.