Жарияланды: 19.04.2025

Шымкентте аспалы арқанжол салынбақ

фото ШӨКҚ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Universal Ropeways» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында мегаполисте аспалы арқанжол құрылысын жүзеге асыру тұжырымдамасы ұсынылды.
 
Аталған бастама – қала аумағында заманауи және орнықты көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Бұл жоба Мемлекет басшысының Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде қолға алынып отыр. Әсіресе, әлеуметтік, инфрақұрылымдық және көлік бағытындағы жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылуда.
 
Кездесу барысында аспалы арқанжол желісінің алдын ала бағыттары, техникалық шешімдері, жобалау және құрылыс кезеңдері жан-жақты талқыланды. Алдын ала жоспарға сәйкес, әуе көлігі арқылы Республика даңғылы, Тәуке хан даңғылы, Қонаев даңғылы, Бәйдібек би даңғылы, Абылай хан даңғылы, Цитадель аумағы, сондай-ақ «Тұран» және «Шымкент сити» шағынаудандары кезең-кезеңімен өзара байланыстырылатын болады.
 
Аталған жоба іске асқан жағдайда қала тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлылық артып, көлік қозғалысы тығыз аумақтардағы жүктеме едәуір төмендейді. Сонымен қатар, бұл көлік түрі Шымкент қаласының туристік тартымдылығын арттыратын инфрақұрылымдық нысанға айналуы ықтимал.
 
Қала әкімі жобаға қолдау білдіріп, ашық әрі өзара тиімді әріптестікке дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар, инвестициялық бастамаларға мүдделі тараптарға алғыс білдіріп, әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
 
Жалпы, бұл бастама Шымкент қаласының экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына тың серпін беріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне жол ашады. Сонымен қатар, құрылыс және пайдалануға беру кезеңінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызбақ.
58 қаралым