Бүгінде Түркістан облысында құрылыс саласының бойына қан жүгіріп, тоқтаусыз даму жолына түскен. Ауылда да, ауданда да, облыс орталығында да қайнаған құрылыс… Жаңа оқу жылына — жаңа мектептер. Сарыағаш, Келес аудандарында бірнеше су жаңа білім нысандары пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Отырар.кз». Аудандарға іс сапармен барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Енді бала саны жыл санап артып келе жатқан елдемекендерде үш ауысымды білім жүйесі жойылатын болды дейді жауаптылар. Ақжар ауылдық округінде орналасқан 600 орындық орта мектепті өңір басшысының өзі ашып берді. Заман талабына сай жабдықталған мектеп құрылысы былтыр мамыр айында басталып жуырда ғана аяқталып отыр. Құрылысқа республикалық бюджеттен 1 4 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Ауданға іс сапармен келген облыс әкімі Сарыағаш қаласында орналасқан №71 мектептің қосымша 300 орындық оқу ғимаратының да ашылу салтанатына қатысты. Бүгінде Сарыағаш ауданындағы білім ұяларында 47 мыңнан аса оқушы бар. Оның 5 мыңға жуығы мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері. Аудандағы 65 білім беру мекемесінің 57-і типтік үлгіде салынған. Жалпы ауданда 11 мектептің жаңа және қосымша ғимараттары салынған. Осылайша апатты жағдайдағы 4 мектеп пен үш ауысымда оқитын 4 мектептің мәселесі толық шешілді. Бұл күні жуырда ғана еншісін алып ел болған келестіктер де жаңа мектеп ғимаратына қол жеткізді. Ошақты ауылдық округіндегі 600 орындық Қоңыртөбе жалпы орта мектебі пайдалануға берілді. Биыл облыс бойынша республикалық және облыстық бюджет есебінен 18,4 млрд. теңгеге 90 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Сарыағаш ауданында 19 мектептің құрылысы басталды. Жыл қорытындысымен облыс бойынша 45 білім ордасы пайдалануға берілетін болады.
М. Рысбаева
Жарияланды: 26.08.2018