Жарияланды: 26.08.2018

Экспорт көлемін көбейту қажет

Түркістан облысы әкімдігі және «ОҢТҮСТІК» АИО-ның ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық экспорттық стратегиясы» 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша кеңейтілген жұмыс жиналысы өтті, деп хабарлайды «Түркістан» газеті.

  Облыс тарапынан экспорттық әлеуеті бар кәсіпорындарға кешенді қолдау көрсету мен дамыту тұрғысы талқыланған жиында экспортталатын өнімдердің көлемін ұлғайту мен өнім сапасын арттыру жайы талқыланды. Жоғарыда аталған бағдарламаның басты мақсаты – 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспорттың көлемін 1,5 есе ұлғайту және тауарлар мен қызметтерді экспортқа өткізу нарығын әртараптандыру үшін жағдай жасау болып табылады.

  «Елбасымыз Н.Назарбаев қазіргі таңда экспорттық саясатқа аса көңіл бөліп отыр. Былтырғы жылы Ұлттық экспорт стратегиясы қабылданған болатын. Бүгінгі күні Үкімет жанынан экспорттық әзірлеу саясаты кеңесі жұмыс жасауда. Сол себепті облыстағы экспорттаушы кәсіпкерлермен тығыз байланыстамыз. Бәсекелестікті арттыру мен сапалы тауар өндіруші деген атаққа ие болу үшін нарықта өз орнымызды айшықтауымыз қажет»,-деді облыс әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков.

 Жиынға қатысушылар осы мәселе төңірегінде ойларын айтып, тиісті сала мамандарына сұрақтар қойды. Солардың бірі Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Түркістан қалалық филиалының директоры Нәлібай Дәрібаев суы тапшы елді мекендерде түйе шаруашылығын дамытып, өркендетуді ұсынды. Себебі, ол күз мезгілінің орта шегінде іске қосылғалы отырған «Golden camel» зауытына қымыран өнімін жеткізуді қамтамасыз етуіміз керектігін алға тартып отыр. Осы және өзге де кәсіпкерлік саласындағы қатысты өзекті мәселелер көтерілген жиында тасымалдау мен экспорттау мәселесі жандандыру туралы келелі ойлар айтылды.

 

 Н. Кеңесбеков

«Түркістан»

1 104 қаралым