Жарияланды: 28.08.2018

Бау бақша өсіруде жайқалтып…

Түлкібас ауданында  ауыл шаруашылық саласына үлесін қосып жүрген «Бақытжан» шаруа қожалығы бүгінде көпшілікке мәлім, деп хабарлайды Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газеті. Бұл шаруа қожалықтың тарихына көз жүгіртетін болсақ, сонау 1995 жылдары халыққа үлестік жер беріліп жатқан кезде, осы шаруа қожалықтың иесі Марат Игенбаев 9 гектар жерді алған екен. Сол кезден бастап дәнді-дақыл мен жеміс жидектер еге бастаған шаруа бүгінгідей жетістікке жетемін деп ойламаған еді. Адал еңбек пен берекелі бейнеттің арқасында «Бақытжан» шаруа қожалығы жыл озған сайын мол өнімге қол жеткізе бастады. Әрине, еккен егін тез арада өнім бере қоймасы анық. Араға бірнеше жыл салып алма ағаштары мол өнім бере бастады. Ал биыл өткен жылдармен салыстырғанда берекелі қырманға кенеліп отыр.  Өткен жылы бидай 12 центнер болса, биыл 45 центнер, арпа 11 центнер болса, биыл 33 центнер, алма, алмұрт басқа да жеміс-жидектер өткен жылдармен салыстырғанда мол өніммен қуантып отыр. Оның негізгі себебі биылғы ауа райы егістікке қолайлы болды. Жер жырту, егін егу, тағы өзге науқандық жұмыстар дер кезінде агротехникалық шараларға сәйкес орындалды. Оған қожалықтың агроном маманы Мәди Тәскентбаев өз үлесін қосып келеді. Маманның кеңестеріне сүйене отырып, ұйымшылдықпен атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде, — дейді шаруашылық басшысы Марат Игенбаев.  Шаруа қожалығында комбайыншы, тракторшы, егіншілерді қосқанда барлығы 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалықтың өндіріп отырған өнімдеріне сұраныс жоқ емес. Ақ егістен мол өнім жинаған қожалықтан өзге шаруа қожалықтары тұқымдық ұрық сатып алуда. Ал, бау-бақша өнімдерін аудан базарларында саудалап пұлдауда.

 

1 139 қаралым