Жарияланды: 29.08.2018

Бір тиын төлемсіз техника алудың жаңа тәсілі

«Ырыс» микроқаржы ұйымы ескі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында жаңадан «Ырыс-өркендеу» лизингтік бағдарламасын іске қосты. Осы бағдарламаға қатысу арқылы шаруалар трактор тіркемелері, соқа, культиватор, дән сепкіш, шөп тайлағыш, бора және тағы басқа техникаларды инвестициялық субсидия бойынша лизингке сатып ала алады. Алғашқы жарна шаруаға берілетін инвестициялық субсидия есебінен төленеді. Яғни, фермер лизингке техника алуға алдымен «Ырыс» микроқаржы ұйымына өтініш білдіреді. Сосын мұндағы несие комитеті ол өтінішті қарап, мақұлдап болған соң облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс жібереді. Өз кезегінде басқарма тарапынан техниканың 25 пайыз құны инвестициялық субсидия есебінен жабылады. Ең соңында «Ырыс» техника әкелуші мекемеге жүз пайыз құнын төлеп, алынған техниканы шаруаның құзыретіне тапсырады. Ал, кепілдеме мүліктің орнына сол техниканың өзі қойылады. Шаруа бұл жерде не алдын ала төлем жасамайды, не кепілге ешқандай мүлік қоймайды. Бағдарламаның басты ерекшелігі осында. Айта кету керек, бұл бағдарлама Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленді. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін «Ырыс-өркендеу» арқылы шаруаларды техникамен қамтамасыз етуге 500 млн. теңге мен 1 млрд. теңгеге дейін қаржы жұмсау көзделуде.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

1 030 қаралым