Жарияланды: 29.08.2018

Маусым кезінде жұмыс қызады

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы «Сайдусман ата» шаруа қожалығы биыл 1,5 млн түп көшет өсіруді жоспарлаған болатын. Бүгінде жоспарлары табысты жүзеге асырылуда. Бау бақша егудің қыр сырын жетік меңгерген мамандары арнайы оқыту курстарында білімдерін жетілдіріп отырады. Аталған кооператив 3 гектар жылыжайда көкөніс өнімдерін өсіріп, бау-бақша көшеттерін дайындаумен айналысып келеді. Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылдық округіндегі бақша өнімдерімен айналысатын «Сайдусман ата» шаруа қожалығының көшеттерін өзге облыстан арнайы келіп алып кететіндер де бар. Жеті бірдей отбасы мүшелік ететін қожалық 2012 жылы құрылған. Қожалық төрағасы Сайдалы Тұрсынов жобаны бастауға жеке қаражатынан 45 млн. теңге жұмсаған. «Былтыр  500 мың түп көшет өсірдік. Биылғы межеміз 1,5 млн. түп көшет дайындап, облыс көлемінде сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 2017 жылдың бірінші маусымында 2,5 гектар жылыжайға қызанақ егіп, 210 тонна өнім алған болатынбыз, екінші маусымда сол орынға қияр егіп, 140 тонна өнім жинадық. Биылғы еңбегіміз де жемісті болмақ деген үмітіміз бар. Тауарымызға деген сұраныс Астана, Алматы қалаларынан бөлек, Ресейден түсіп жатыр», — деді Сайдалы Тұрсынов. Қазіргі таңда қожалықта 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың барлығы да жергілікті тұрғындар. Маусым кезінде жұмыс қызады. Ол уақыттарда қосымша тағы да 40 адам маусымдық жұмыстарға тартылады. Орташа айлық жалақылары 50 мың теңге көлемінде. Қожалық иесі алдағы уақытта шаруашылығын мал бордақылау алаңы мен интенсивті баумен толықтыруды жоспарлап отыр.

1 058 қаралым