Жарияланды: 30.08.2018

Мақсат мол өнім алу

Түркістан облысына қарасты Отырар ауданынында шаруа қожалықтары көп. Ауыл және мал шаруашылығында табысты еңбек етіп жатқандары жетерлік.  Аудандағы «Өркен» шаруа қожалығы ерте көктемде 22 гектар жерге жүгері ексе, 10 гектарға мақта, 5 гектарға жоңышқа дақылын сепкен болатын. Жақын арада толысып піскен өнімнің жемісін көретін күн де таяу. Малға қажетті азық боларлық жоңышқаның бірінші орымын аяқтап, шашпай төкпей жинап та алды. Енді екінші шөп орымға жақын арада кіріспек. Жылда шаруашылық өнімді молынан жинап алады. Қайрат Нұрбеков басшылық жасайтын шаруашылық биыл да өнім мол болатынына сенімді. Дақылдардың өсу қарқыны жаман емес. «Алла нәсіп етсе жылдық науқанды тәп-тәуір табыспен аяқтаймын деп үміттеніп отырмын» дейді қожалық иесі. Ал, Нұралхан Додабаев жетекшілік ететін «Шалқар» шаруа қожалығы 56 гектар жерге түрлі бақша дақылдарын егіпті. Ерте қам жасаған шаруа шіліңгір шілдеде пісіп жетілген қарбыздарын елімізден бөлек, көршілес Ресейге экспорттауды жоспарлап отырғандығын жасырмады. Әр гектарынан мол өнім алуды көздеп отырған диқан биыл ағын судың жеткілікті болуының арқасында мол өнім алатынына ерекше қуанышты.

Жыл сайын ағын су мәселесінен зардап шегетін шаруалар қауымы соңғы жылдардағы бірқатар каналдардың ағымдағы және күрделі жөндеуден өтудің нәтижесінде биыл ағын судан қиыншылық көрмегендігін айтып, аудан басшысына және облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа өз алғыс сезімдерін білдірді. Биылғы жылы 30 мың гектарға жуық алқапқа түрлі дақылдар еккен аудандағы шаруа қожалықтары белгіленген межені орындау мақсатында егін ору науқанын қызу жүзеге асырып жатыр.

 

1 055 қаралым