Жарияланды: 30.08.2018

Инвесторлармен бірігіп, ірі жобаларды іске асырмақ

Түркістан облысындағы алпауыт компаниялар бүгінде импорт өнімдерді нарықтан ығыстырып шығара бастады. Бұрын шетелден тасымалданатын өнімдер енді өзіміздің өндіріс орындарында өндірілуде. Автокөлікке қажетті мотор майларын бұрын шеттен сатып алсақ бүгінде матор май материалдарын өндіретін «HILL» ЖШС зауыты «Оңтүстік» индустриялық аймағында бұл қажеттілікті өтеп отыр. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының шарапатын көріп отырған жоба республикада бірінші болып табылады. алдағы уақытта кәсіпорын қуаттылығын арттыруды көздеп отыр. Бүгінде тек елімізден ғана емес шетелдерден де сұраныс артып отыр. Сондай-ақ, Түркістан облысында целлюлоза, цемент, мотор майлары, трансформаторлар, алюминийді және ПВХ профильдерін, ет, май, кілем, мата, дәрі-дәрмек бұйымдарын экспорттау қолға алынған. Сонымен қатар, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұнай өңдеу өнімділігі жылына 6 млн тоннаға дейін жеткізіліп, жоғары октанды бензиннің үлесі 100 пайызды құрайтын болады. Осы орайда ол басымды бағыт — инвесторлармен бірігіп, ірі жобаларды іске асыруға негізделген. Өңірімізде 603 млн теңге тұратын құрғақ сүт және сары май шығару зауытын салып, іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Ордабасы-Құс» ЖШС-мен күркетауық етін өндіру өндірісі қуаттылығын жылына 25 мың тоннаға ұлғайту көзделіп отыр. Облыста алғашқы рет жібек шаруашылығы қолға алынды. Бәйдібек ауданында «Жібек және бау-бақша өнімдері бірлестігі» құрылып, жібек құртының азығы болып табылатын тұт ағаштары 25 гектар алқапта отырғызды. Бүгінде шаруашылық табысты жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта барлығы болмаса да шеттен келетін өнімдердің біразы өңірімізде өндірілетін күн де таяу.

1 229 қаралым