Жарияланды: 01.09.2018

Жеңсік астың төркіні Қазақстан

Түркістан облысында бүгінде балық өндірумен және өңдеумен айналысатын зауыттардың қатары көбейіп келеді. Олардың басым бөлігі өнімдерін шетелге экспорттауда. Шардарадағы балық өңдеумен айналысатын «Хамит» өндірістік кооперативі заманауи үлгіде жарақтандырылған. Аталмыш зауытта балықтың сүбе еті және ысталған балық өндіріледі. Өндіріс орнында өткен жылы 1132 тонна балық өңделіп, 1 180 410,0 мың теңгенің өнімі өндірілген. Негізінен өнімнің 85-90 пайызы, Ресей, Германия, Израиль елдеріне экспортталуда. Жеңсік астың төркіні Қазақстан. Отандық өнім. Мақтануға тұрарлық-ақ. Әр ауысымда 60 адамнан жұмыс істейді. Айлық жалақылары 70 мың теңгенің үстінде. Заманауи зауыттың жетістіктерін жіпке моншақ тізгендей тізбелеп шығуға болады… Биылдан бастап балық шаруашылығына да мемлекет тарапынан субсидия берілмек. Бұл әрине балық баптаушыларға жағымды жаңалық болып отыр. Істерін ілгерілетіп, өндірісін өркендету үшін көп көмек болары сөзсіз.Балық басын көбейту үшін яғни, балық аквамәдениетін дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Сұрыпы жоғары балық өсіруді қолға алып отыр. Оны Челябинск, Оренбургтегі балық тәлімбақтарынан алдыруда. Балаңқұрт кезінен, 2 грамнан сәл-ақ асатын кішкентай балықтар инкубациялық цехта өсіріледі. Жергілікті өнімнің бағасы қалта қақпайды, экологиялық жағынан таза әрі сапалы. Алдағы уақытта дәмі тіл үйірерліктей дәмді балықтар нарыққа шығарылмақ.

978 қаралым