Облыс орталығының Түркістанға көшуі ең алдымен Кентаулықтарға тиімді болғалы тұр. Ауылдық округтер қосылып, жан басы көбейіп жатса, екіншіден экономикалық жағынан да өсім болары сөзсіз. Бүгінде қаланың дамуы қарқынды. Қала қазынасына түсіп жатқан табыс та қомақты. Қаланың өзіндік табысы 580 миллион теңге еді, бүгінде 1 миллиардқа жуықтап қалды. Алдағы уақытта бұл сома тағы да арта түспек. Оған Кентаудың қарамағына өткен 12 ауылдық округ те септеспек. Ауыл әкімдіктері, 40 мектеп, 21 балабақша, клубтар, медициналық мекемелер қала меншігіне өтті. Әлеуметтік мекемелердің айлық жалақысы, төлейтін салығы барлығы да облыс орталығынан алынып, Кентаудың өз меншігіне берілетін болады. Күздің алғашқы айында қала бюджеті бекітіледі. Сонда нақты сома белгілі болмақ. Одан бөлек ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары да экономиканың дамуына сүбелі үлесін қосатын болады. Аталмыш ауылдық округтердің қарамағындағы 721 мың гектар жер қосылғалы отыр. Жалпы Кентаудың өз меншігі 52 мың гектар еді, сонымен жалпы аумақ 775 мың гектарға жетті. Оның ішінде 340 мың гектары – ауыл шаруашылығына тиесілі жерлер. Қала аумағында шаруашылық мақсатындағы жер көлемі 42 мың гектар еді. Енді барлығын қосқанда 380 мыңдай гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болып көбейіп отыр. Онда түрлі ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі. Оның 44 мың гектары суармалы жерлер. Оның артықшылығы көп, әрине.