Жарияланды: 04.09.2018

Жүгеріден мол өнім алмақ

Бүгін Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев Жылысу ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында алдағы мақта теру науқанына дайындық шаралары пысықталып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлерді цифрландыру, ауыз су, жол жөндеу мәселелері талқыланды. 
Алдымен ауыл округінің әкімі Ермек Толыбаев соңғы 7 айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, бүгінде округте 6477 гектар жерге мақта егілсе, 905 гектарға бақша, 447 гектарға дәндік жүгері дәні себілген. Биыл шаруаларға 850 тонна жанар-жағармай мен 1357 тонна селитра үлестіріліп берілген. Округтегі 1077 шаруа қожалығының иелігіндегі 9406 гектар егістік жердің 6348 гектары Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтындағы электронды картаға енгізілген. Сондай-ақ, алдағы жылы округте іске асуы жоспарланып отырған жобалардың барысын сұрастырды. «Ауыл шаруашылығы жерлерін электронды картаға енгізу жұмыстары округте 65,6 пайызға  орындалған. Егер бұл жұмыстарды дер кезінде аяқтамасаңыздар шаруалар мемлекеттік жеңілдіктерге қол жеткізе алмайтын болады», — деді Жамантай Қанайұлы. 
Жиын барысында округ тұрғындары жол, ауыз су мәселелерін көтерді. Сала басшылары тұрғындардың сауалдарына нақты жауап беріп, бірқатар мәселелер жөнінде ұсыныстар әзірленіп жатқанын мәлім етті. 
 Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

968 қаралым