Жарияланды: 08.09.2018

Инвесторлар өнім өндіру де, экспорттау да қолайлы деп отыр

Бүгінде жұмыс көп, уақыт аз. Сондықтан да тез дайындалатын тағамдар ханымдарға көмекке келеді. Бір жағынан уақыт үнемдеуге сеп. Енді түркістандық келіншектер қуана берсе болады. Алдағы уақытта Түркістан облысында тез дайындалатын кеспе өнімдері шығарылмақ. Отандық өнім тек жергілікті ұннан дайындалмақ. Сапасы жоғары, бағасы да қалтаға қонымды болады. Сингапурлық инвесторлар Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел деп санайды. Сондықтан да алдағы уақытта Түркістан облысындағы зауыттың қуатын арттыруға 15 миллион доллар қаржы бөлгелі отыр. Қыруар қаражат  демде дайын болатын кеспе өндірісіне бағытталып отыр. Оған тек отандық шикізат пайдаланылатын болады. Түрлі дәмдеуіштерден ада, адам ағзасына зияны жоқ өнімдер қолданылмақ. Бүгінде аталмыш компанияда 20 –дан аса адам жұмыс істеуде. Ал алдағы уақытта толық қуаттылығымен жұмысқа кіріскен шақта 100-ден астам адамды жұмыспен қамтығалы отыр. Бір ғана өнім өндірумен шектеліп қалмай, өзге де тағам түрлерін шығаратын тағы да бірнеше цех ашылатын болады. Сингапурлық бизнесмендер Орталық Азияда инвестиция тартуға мол мүмкіндік жасап отырған Қазақстан үкіметіне ризашылықтарын білдіріп отыр. Табиғаты аса жайлы Түркістан облысын таңдап алулары да тегін емес. Өнімді осында өндіріп, сыртқа экспорттау өте тиімді дейді инвесторлар. Алдағы уақытта өңірімізде ірі кәсіпорындардың қатары тағы да бірнешеге артпақ.

 

1 094 қаралым