Түркістан облысының Түлкібас ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Аудан орталығы Тұрар Рысқұлов елді мекенінде «Нұрлы жер» бағдарламасы асында 32 пәтерлік 4, және 64 пәтерлі 3 үй салынып жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін 32 пәтерлі 4 үйдің құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24.kz. Қалған 64 пәтерлі 3 үйдің құрылысы келер жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы бұл тұрғын үйлердің жобалық сметалық құны 3 млрд теңгеге жуықтайды. Қазір әр үйдің құрылыс алаңында 40-50 адамнан жұмыс істеп жатыр. Жаңа баспаналар ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге және бюджеттік сала қызметкерлеріне беріледі. Жалпы ауданда 1200-ден астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Айдар Төлепбергенов, Түлкібас аудандық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі: – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында келесі жылға 18 үйдің жобасы жасалып, қаржы қарастыруға байланысты облыстық басқармаға ұсынылды. Егер осы қаржы бөлініп жатқан жағдайда келесі жылы тағы да 18 үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда.
Жарияланды: 09.09.2018