Жарияланды: 29.09.2018

Шетелдік компаниялар Түркістанға инвестиция салуға қызығып отыр

Түркістан қаласында өтіп жатқан инвестициялық форумда өңірдің инвестициялық және туристік әлеуеті таныстырылып, шетелдік компания басшылары бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Облыс инвестиция тарту бойынша республикада көш басында келеді. Мәселен, өткен жылы 482 млрд. теңге қаржы құйылды. Енді тағы 4,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Қазірдің өзінде оның 12-сі іске асырылуда. Бұл туралы бүгін «Көне түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форумда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

Жиынға Ресей, Иран, Малайзия, Түркия, ҚХР, Чехия, Италия, БАӘ, Польша сынды елдерден келген кәсіпкерлер қатысты. Аймақ басшысы қонақтарды айтулы күнмен құттықтап, облыстың экономикалық әлеуетімен таныстырды.

«Түркістан – талай жылдар бойы қазақ хандығының және түркі әлемінің саяси ордасы, рухани астанасы болған шахар. Елбасымыз осынау көне қаланы облыс орталығы етіп, оны дамытуға ерекше ықылас танытып отырғаны белгілі. Бүгінде мемлекет тарапынан жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни, мұнда әуежай, әкімшілік — іскерлік орталығы және тұрғын үйлер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген ақылды қалаға айналатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде өңірдің экономикалық даму мүмкіндігіне қаныққан отандық және түрік компаниялары 100 млн. АҚШ долларынан асатын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық сауда орындары мен фитнес орталықтар ашуды көздеп отыр. Бүгінгі жиын өздерңізбен осындай іскерлік қарым-қатынас орнатып, нығайтуға сеп болады деген сенімдемін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сонымен қатар, өңірді дамытуға бағытталған кез-келген жобаны барлық тараптан қолдауға дайын екенін айтқан облыс әкімі, аймақты үш бағытта дамытуға басымдық берілгенін де жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

1 074 қаралым