Түркістанға жасаған жұмыс сапарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс активінде Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді. Жиында Елбасы Түркістан қаласының дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды.
«Бүгін еліміздің тарихында бір елеулі уақытта кездесіп отырмыз. Жаңадан Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Түркістанның дамуы, болашағы қалай болады деген сұрақ бойынша әңгімелесеміз. Біріншіден, менің тапсырмам бойынша арнайы үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеді» деген Елбасы сол комиссия басшысының есебін тыңдады. Елбасыға Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарын баяндаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Бас жоспарға лайық үздік жоба анықталғанын мәлімдеді.
«Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылды. 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Таңдалған жоба сіздің тапсырмаңызда қойылған талаптарға толығымен сәйкес келеді. Соның ішінде Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Яссауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді» деді Асқар Мамин.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі