Түркістан күн өткен сайын түлеп келеді. Қазір мұнда тазалық пен абаттындыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Онымен шаһардағы «Жарық Тазалық» серіктестігі айналысуда. Қазір бұл іске 200-дей жұмысшы мен 40-қа жуық техника жұмылдырылған. Қала тазалығы үшін мекеме қызметкерлері 24 сағат бойы екі ауысыммен жұмыс істейді, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы.
Жалпы, қала тазалығы мен көріктендіру-абаттындыру жұмыстарына биылғы жылдың өзінде 320 миллион теңге қаралған. Ол тиімді игерілуде. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша да жұмыстар қарқын алған. Соның негізінде қала көшелеріне күніне 12-14 мыңдай гүл көшеттері егілуде.
Қаланы көріктендіру ісімен айналысып жатқан бұл азаматтар гүлдерді тек егіп қана қоймайды. Оны күнделікті суарып, жайқалып өсуіне де күтім жасайды. Соның әсерінен көшеттер қазіргідей күз мезгілінде де көктемдегідей құлпырып келеді.
Сондай-ақ, Түркістанның түнгі келбеті де ерекше түрге бөленіп келеді. Жергілікті бюджеттің есебінен жүргізілген «Түркібағы» мен «Рәміздер алаңы» да халықтың кешкі мезгілде серуендейтін демалыс орындарына айналып үлгерді.
Қазір қала орталығындағы 72 көшенің тазалығы жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Онымен шаһардағы тазалыққа жауапты «Жарық Тазалық» серіктестігі айналысуда. Сонымен қатар, тұрғындар арасындағы жалпы сенбіліктер ұйымдастырылуда.
М. Атабек