Ауыл көркеймей, мемлекеттің дамуы неғайбыл. Түркістан облысындағы Отырар аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Жиынның күн тәртібінде Ақтөбе, Шілік ауыл округтері әкімдерінің өткен сегіз ай ішіндегі атқарылған жұмыстары мен алдағы мақсат-міндеттері айқындалды.
Қоғамдық кеңес мүшелері алдында Ақтөбе ауылының әкімі Исахан Тайгелтір есептік баяндамасын оқыды. Ол өз сөзінде ауылда егін мен мал шаруашылықтарының қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Әкімнің мәліметінше, суармалы жерді игеру бойынша жылдық жоспар 2672 гектар болса, бұл меже — 2890 гектар жерге артығымен орындалыпты. Мұнан соң, Шілік ауыл округінің әкімі Жансұлтан Сейітжанов сөз алды. Айтуынша, ауылдағы «Жансая» шаруа қожалығы асыл тұқымды қой өсіруді қолға алған. Ал, жылқы, түйе өсіруден «Гүлмайра», «Жаңа жер» шаруа қожалықтары ерекше үлес қосып келеді. Кеңес мүшелері ауылдың тазалық жұмыстары, көгалдандыру, қысқы мал азығы секілді жұмыстарға тоқталып, өз ойларын ортаға салды. Көкейдегі сауалдарын жолдады.
Алқалы басқосуға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты. Ауыл көркеймей, мемлекет дамымайды. Кейбір жұмыстарды әлі де болса пысықтауын ескертті. Аудандық кеңес мүшелері әкімдердің есебін қанағаттанарлық деп бағалап, алдағы уақытта осы бағытта үздіксіз жұмыс атқара беру керектігін айтты.
М.ӘСЕМБЕК