Бүгін Жетісай ауданына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев келді. Министр алдымен Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Нұралы жол» шаруа қожалығының комбайнмен мақта терім жұмыстарының барысымен танысты.
1996 жылы құрылған аталған қожалықта бүгінде 497 гектар егістік жер бар. Оның 180 гектарына мақта, 253 гектарына бақша дақылдары, 37 гектарына жоңышқа, 27 гектарына дәндік жүгері егілген. Қазір қожалық мақта терім жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы ақ алтын негізінен комбайнмен теріледі. Қожалықтың иелігінде 12 МТЗ трактор, 2 Джон-Дир комбайны, 20 тіркегіш, 3 дәрі шашатын текника, жалпы саны 47 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Аталған қожалықта 56 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа айлығы 55 мың теңгені құрайды.
Министр қожалықтың атқарып жатқан жұмыстарына оң бағысын беріп, күзгі жиын-терім жұмыстарын нәтижелі аяқтауға тілектестігін білдірді.
Мұнан соң министр Ш. Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы машиналық каналдың №1,№2 су тартқыш насостық станциясы арасындағы өзекті мәселе болып тұрған 9 шақырымдық /габионды бөлігі/ су өткізу қабілетінің техникалық жағдайын көрді. Бүгінде аталған аймақтың су өткізу қабілеті төмен. Яғни, күрделі жөндеуді қажет етеді. 2011 жылы пайдалануға берілген каналдың құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 13,523 млрд теңге бөлінген. Канал 86,7 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев биылғы ағын су тапшылығын болдырмауда аталған каналдың үлкен көмегі тигенін тілге тиек етті.
Министр жұмыс сапары барысында Асықата кентіндегі «Корпорация Ақ-Алтын» ЖШС-нің мақта шикізатын өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. Мұнда ол аудандағы мақта өңдеу зауытының басшылары мен трейдерлік компаниялардың қатысуымен мақта шикізатының өзекті мәселелерін талқылады.
Аталған зауыт мақта талшығын дайындайды. Кәсіпорын жылына 60 мың тонна мақта шикізатын қайта өңдеуден өткізеді. Мұнда қазіргі науқан кезінде 265 адам жұмыс істейді. Мұнда өндірілген өнімдер ТМД және шет мемлекеттерге жөнелтіледі.
Мұнан соң Өмірзақ Естайұлы Қарақай ауылдық округінде орналасқан «Кетебай» өндірістік кооперативінің егістік алқабын аралап көрді. 1996 жылы құрылған кооперативтің иелегінде 800 гектар егістік жер бар. Соның бәріне дерлік мақта егілген. Мақта дақылын күтіп-баптап, теріп-жинау үшін кооперативте 60-қа жуық техника жұмыс істейді. Биыл «кеттебайлықтар» мақтаның әр гектарынан кемінде 25 гектар өнім аламыз деп отыр.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Жарияланды: 01.10.2018