Түркістан облысындағы Ордабасы ауданы Төрткүл ауыл округінде тағы бір ауылшаруашылық өндірістік кооператив құрылды. «Заңғар Агро» кооперативінің төрағасы Жұмабай Қасеннің мәлімдеуінше мұнда 70 мүше бар. Иелігіндегі 707 гектар жерге биылғы жылы мақта, көкөніс, жүгері мен жоңышқа орналастырып, пайдаға кенелмек. Жалпы, өткен жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Әлеуметтік даму министрлігі және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында «Үш жақты» индикативті көрсеткіштердің іс-шара жоспары құрылып, соған сәйкес, ет, сүт өндіру, мал сою бекеттері, бордақылау алаңдары, жылыжай, көкөніс дайындау бекеті, құс, балық, түйе шаруашылықтары бойынша Ордабасы ауданына 7 бірлік ауыл шаруашылығы кооперативін құруды ұйымдастыру тапсырылған. Ауылшаруакшылығы мамандары тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ауданда жыл қорытындысымен 28 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оның 12-сі индикативтік көрсеткіштерге сәйкес жұмысын бастады. Олардың сүт бағытындағысы – 5, ет бағытында – 2, құс бағытында – 2, жеміс-жидек дайындау пунктері бағытында – 1, түйе шаруашылығы бағытында – 1, отбасылық жылыжай бағытында – 1 АӨК.
Шұбар ауыл округінде сүт бағытында құрылған «Али Азим Ай» АӨК-і «РИЦ Оңтүстік» ЖШС арқылы 5 млн 100 мың теңгеге сүт қабылдау бекетін алды. Қараспан ауыл округінде «Ақжол-Агро-1» АӨК-і «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы 5 000 000 теңгеге сүт қабылдау бекетіне ие болды. Сүт қабылдау бекетінің 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған. Ет бағытында – Қарақұм а/о «Сәтті жол-1» АӨК мал сою бекетінің құрал жабдықтарын алуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы 25 млн теңге несие алынды.
Бүгінгі таңда Ордабасы ауданында 39 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жұмыс істеп, ұжымдық тірліктің игілігін көруде.
Жарияланды: 01.10.2018