Жарияланды: 01.10.2018

Ақ алтынының сапасына жоғары бағаларын берді

Бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысындағы іссапарда министр мен облыс әкімі диқандармен бірге мақта теріп, Түркістанның ақ алтынының сапасына жоғары бағаларын берді.

Ауыл шаруашылығы министрі одан кейін  Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы машиналық каналға барды. Мұнда ол ГНС-1,  ГНС-2 арасындағы өзекті мәселе болып тұрған 9 шақырымдық бөлігінің су өткізу қабілетінің техникалық жағдайымен танысты. 2011 жылы салынған канал құрылысына 13, 523 млрд. теңге жұмсалған. Бүгінде аталған аймақтың су өткізу қабілеті төмендеген. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жасалады деген жоспар бар. Канал 86,7 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.

 Министр Асықата кентіндегі «Корпорация Ақ-Алтын» ЖШС-нің мақта шикізатын өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. Бұл зауытта жылына 60 мың тонна мақта шикізатын қайта өңдеуден өткізіледі. Науқан кезінде 265 адам жұмыс істейді. Мұнда өндірілген өнімдер ТМД және шет мемлекеттерге жөнелтіледі. Ауыл шаруашылығы министрі осында жиын өткізіп, аудандағы мақта өңдеу зауытының басшылары шаруа қожалықтарының төрағаларымен және  трейдерлік компаниялардың қатысуымен мақта шикізатының өзекті мәселелерін талқылады.

Вице-премьер одан кейін Қарақай ауылдық округіндегі «Кетебай» өндірістік кооперативінің егістік алқабын аралап көрді. 1996 жылы құрылған кооператив иелегіндегі 800 гектар егістік жерге мақта еккен. Мақтаны өсіруге және теруге арналған 60-қа жуық техникасы бар. Диқандармен жүздескен Өмірзақ Естайұлы Жетісайдағы мақта терімі жұмыстарына оң бағасын беріп, еңбекқор тұрғындарға табыс тіледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

1 014 қаралым