Жарияланды: 02.10.2018

Жетісайлық дихандар мақта түсімін арттырды

Алдағы 5 жылда Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 2,5 есеге көбейту қажет, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Ол үшін ауыл шаруашылығында жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, жұмысты жүйелеген жөн. Бүгін облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев осылай деп, тапсырды. Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы өңірдің Оңтүстігіндегі Жетісай және Мақтарал аудандарында болып, мақта теру науқанының барысын бағамдады.

Жетісай ауданындағы «Нұралы жол-Ж» шаруа қожалығы биыл 497 гектар жерге соқа салған. Егілген егіннің басым бөлігі — мақта. Биыл мақта түсімі жылдағыдан жоғары. Жетісай ауданы бойынша орта есеппен әр гектарынан 25 центнерден өнім алынады деп жоспарлануда. «Нұралы Жол»  секілді кейбір шаруашылықтарда әр гектардан 36 центнерге дейін өнім жиналуда.

Ербол Ералиев- «Нұралы жол –Ж» шаруа қожалығының төрағасы

Қазір сол ақұлпаны теру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Дихандардың айтуынша, аталған аймақта осы жылы су тапшылығы орын алмапты. Сондықтан болар, бүгінгі күнге дейінгі жиын-терімнің көрсеткіші жоғары. Бұл ретте мына мәселені айта кеткен жөн. Жерді тиімді және мақсатты пайдалану үшін үкіметтен барлық жағдайлар жасалуда. Ендігіде жерді жалға беру мәселесін қолға алған  жөн.Жерді өзі өңдемей біреуге ақыға беруді қоғамдық кеңестер бақылағаны дұрыс. Облыс басшысы осы жағдайға баса назар аудару керектігін айтты.

Н. Кенжехан

 

1 080 қаралым