Жарияланды: 03.10.2018

Ірі жобалар жүзеге асырылады

Қазіргі таңда Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ құрылған. Өңірлерде индустриалды аймақтарға бөлінген жердің жалпы ауданы 533 гектарды құрайды.

Соның ішінде жалпы ауданы 273 гектарды құрайтын 7 аймаққа инфрақұрылым тартылған. Олардың қатарында Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Шардара, Түлкібас, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарындағы индустриалды аймақтар бар.

Инфрақұрылым құрылысы бұдан басқа 260 гектарды құрайтын 2 аудан мен қалада жүріп жатыр.

Қазір Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда 78,778 млрд. теңгені құрайтын 61 жоба қолға алынуда. Онда 3 349 жұмыс орны ашылады. Бүгінде аталған 61 жобаның ішінде 20 млрд. теңгені құрайтын 23 жоба нақты қолға алынып, 1 215 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы 8,4 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асып, 222 жұмыс орны ашылған.

«Оңтүстік» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы» ЖШС басшылығының айтуынша, бүгінгі таңда Шымкент қаласы мен Түркістан облысында инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұнда жуырда Жапония, Пәкстан елдерінен делегациялар келген. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан бизнес-форумы аясында индустриалды аймақ аумағында инвестициялық жобаны іске асыру туралы бірқатар меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, индустриалды аймақтарға жаңа жобаларды тарту үшін 25 әлеуетті инвестормен кездесулер өткізілді. Компания тарапынан Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Украина, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің ірі кәсіпорындарына 320 шақыру хаты жіберілген.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

1 104 қаралым