Түркістан облысындағы «КТИЗ БАДАМ» индустриалды аймағында «Gold Alumіnum» ЖШС-нің ПВХ профиль, ПВХ және алюминийден жасалатын жарық өткізгіш мөлдір конструкциялар шығаратын цехы, «Green Technology іndustrіes» ЖШС-нің полиэтилен қалдықтарынан жасанды талшықтарды өндіру зауыты іске қосылды. Ал, «Кентау» индустриалды аймағында «Ауезов» ЖК оттегі цехының құрылысын, «Қазығұрт» индустриалды аймағында «АСЫЛ-бастау.KZ» ЖШС құрғақ майсыз сүт және сары май өндіретін жобасын қолға ала бастады.
Өңірлік үйлестіру кеңесіне жыл басынан бері құны 20,6 млрд. теңге, 316 жұмыс орнын құрайтын 8 инвестициялық жоба бойынша өтініш түскен. Кеңес қорытындысымен «Мақтаарал», «Бәйдібек», «Қазығұрт», «Түркістан» және «КТИЗ Бадам» индустриалды аймақтарынан қара металл қалдықтарын, дәрі-дәрмек өндірісі үшін фармацевтикалық және темір-бетон өнімдерін шығаратын, тағы да басқа зауыттар салуға рұқсаттар берілген.
Жоғарыда айтылған инвестициялық жобалардың барлығы да Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынуда.
Айта кетейік, елімізде 2010 жылдан бері жүзеге аса бастаған индустрияландыру картасының алғашқы бесжылдығында (2010-2014 жж.) Түркістан облысында 7,7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 115 жоба іске қосылды. Ал, екінші бесжылдық аясында (2015-2019 жж.) құны 1,2 трлн. теңге болатын 135 жоба (18,3 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орны) жүзеге асырылмақ.
Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».