Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы егіс көлемі 9 мың гектарға артып, 807 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Күзгі жиын-терім науқаны барысында 521 мың тонна бұршақты дәнді дақылдар өнімі жиналды. Өнімнің орташа түсімділігі 20 центнерден айналды. Майлы дақылдар 93 мың гектарға егіліп, бүгінгі таңда 90 пайызы жиналып алынды. Орташа өнімділік гектарына 10 центнерді құрап, алынған өнім 70 мың тоннаға жетті. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарының егіс көлемі 114 мың гектар болды. Осылардан биыл 2,7 млн. тонна өнім алынып, рекордты көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Тамшылатып суару жүйесі 6400 гектарға енгізіліп, оның жалпы көлемі 64 мың гектарды құрады. Жылыжай көлемі 126 гектарға артып, жалпы жылыжайлар аумағы 1285 гектар болды. 2018 жылдың 8 айында ірі қара – 10, жылқы – 7, қой мен ешкі 4 пайызға көбейген. Соның нәтижесінде ет, сүт, жұмыртқа өндіру 5-10 пайызға артып отыр.
Көкөніс пен бақша дақылдарының 500 мың тоннасы Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 9,1 млрд. теңгені құрады. 8 айда 249056 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға артқандығын көрсетеді.
Ә.Нұржігітұлы, «Оңтүстік Қазақстан»