Түркістан облысындағы «Golden Camel» кәсіпорны түйе және бие сүтін өңдеп, одан ұнтақ шығарып, Қытайға экспорттауды қолға алып жатқанын газетіміздің өткен сандарының бірінде жазғанбыз. Аталмыш өндіріс орны облыста түйе шаруашылығын дамытудың арнайы жоспарын да жасаған екен. Енді сол мәселе төңірегінде біраз әңгіме қозғасақ.
Бұл серіктестік – Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің арасындағы индустриалды-инновациялық байланыстар бағдарламасындағы 51 кәсіпорынның бірі.
Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «индустрияландыру және экономикалық өсімінің» үшінші бағыты бойынша Жол картасына енгізіліп, Инвестициялар және даму министрлігінің комитетімен арнайы келісімшартқа тұрған.
Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлері – түйе шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Әсіресе, Сырдария өзенінің бойындағы шөлді, шөлейтті аймақтар нағыз түйенің жері. Түйе шаруашылығымен айналысу дегеніңіз тек Ойсылқара төлін бағып, етін жеп, сүтін ішу ғана емес. Түйе малынан мұнан өзге де көптеген тұрмысқа пайдалы заттар өндіруге болады. Мәселен, терісі мен жүні былғары өнімдер шығаруға, киім тоқуға жараса, сүті опа-далап, фармацевтика өндірісіне таптырмас шикізат. Қажетті инфрақұрылымды дамытып, қолдау көрсетілсе түйеден алынған өнімдерді
шетелдерге, осынау өнімдерге сұранысы көп нарықтарға экспорттауға мүмкіндік туар еді. Бүгінгі таңда әлемде түйе еті мен сүтіне деген сұраныс өскен. Мәселен, Қытай мен Францияда шұбаттан әртүрлі иіссулар, сықпа майлар жасап шығарады. Сондықтан оларға шикізат ауадай қажет. Біздің өнімдер «құланның қасынуына мылтықтың басылуы» болар еді.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».