Түркістан облысындағы «Golden Camel» кәсіпорны Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан түйе сүтін жинауды көздеп отыр. Осы өңірлерде 84 мыңнан астам түйе бар екен. Олардың 37 мыңдайы сауылады. Бастапқыда осыншама інгеннің 20 пайызының, яғни 7,5 мыңдайының сүтін өңдеу жоспарлануда. Күніне әр інген орта есеппен 6 литр сүт беретінін есептегенде, 7,5 мың інгеннен 45 мың литрден астам сүт алынады. Зауыт бастапқыда 30 пайыз қуатпен жұмыс істейді. Араға белгілі бір уақыт салып, кәсіпорын қуаттылығы жүз пайызға шаққанда күніне 100 мың литр сүт өңдеуге шамасы келеді. Бірақ, оған шикізат жеткілікті болу керек. Сол үшін шаруаларға алдағы уақытта түйе сүтін өткізу мәселесінде алаңдамауға болады. Қайта мал санын көбейтіп, өнімділігін арттыру бағытында жұмыс істегендері абзал. Ал, зауыт басшылығы 4 өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасы, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, ауылдарда түйе сүтін қабылдайтын пункттер ашуды ойластыруда. Кәсіпорынның өзінің түйе сүтін жинау, сақтау, тасымалдау бойынша әзірлеген әдіс-тәсілі бар. «Golden Camel Group ltd» компаниясы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Сәкен Арапбаевтың айтуынша, зауыт құрылысын жүргізуге мемлекет тарапынан ешқандай қаржы бөлінбеді. Газ, жарық, су өндіріс аймағының маңында орналасқандықтан кәсіпорын инженерлік-коммуналдық жүйелерді өз күшімен тартып алды. Соның арқасында бюджеттің миллиардтаған қаржысы үнемделді. Ал, жобаның өзіне 7 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылды. Бұл Түркістан облысындағы ең ірі жобалардың бірі болып саналады.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».