Жарияланды: 04.10.2018

«Әрекет түбі – берекет»

Мемлекетіміз кәсіпкерлік саланы дамытуға біршама көңіл бөліп, кәсіп ашып, әрекет етемін деген адамға қолдау көрсетіп, барынша жағдай жасауда. Тек енжарлық пен жалқаулықтан алшақтап, қолыңызды қималдатсаңыз болғаны. 
Бәйдібек ауданындағы Ақбастаулық азамат Қаһарман Оңалтай қолы епті шаштараз шебері. 10 жылдан астам уақыт осы кәсіптен несібесін көріп келе жатқан «Шаштараз шеберінің» негізгі мамандығы суретші. «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін азамат одан бөлек тағы бір тігіншілік орынды жалға алып, оған тігінші алып, бір ауыл азаматын жұмыспен қамтып отыр. 
Мұнда «тігіншіні инесі асырайды» дейтін тігінші Пернекүл Пірназарова көрпе, көрпеше, жалпы қыз жасауына қажетті дүниелерді тігіп, ауылдың қажетін орындап жүр. Үш ұл мен, бір қыздың анасы Пернекүл апай: «Көрпелердің материалдары өзімізден болса 5000 мыңнан, көрпешелерді 4500 ден тігеміз. «Көбінесе қыз жасауының материалдарын» тапсырыс беруші өздері алып келіп тіктіреді. Ол кезде бағасы да төмендейді. Бізде қатып қалған баға жоқ, тапсырыс берушінің жағдайына да қарайлап, бағасын келісім бойынша шығарамыз. Бұл жерде жұмыс істегеніме де үш жылдан асып қалды. Ісмерлік, тігіс тігу өнері маған анамнан дарыса керек. Сексеннен асса да анам әлі де ине өткізіп, аракідік тігіс тігіп отырады», — дейді. 
Жұмыс жоқ, деп тапжылмай, қимылсыз, еңбексіз отырған адамға шынында да ешнәрсе жоқ. «Әрекет түбі – берекет» — тек тынымсыз еңбегі мен талпынған әрекеті ғана адамға азық болмақ.
Жібек НҰРБАЙҚЫЗЫ

1 155 қаралым