Жарияланды: 05.10.2018

Арыста орта бизнес өркендеуде

Арыс қаласында шағын және орта бизнестің дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Темір жол мен автомобиль магистралі бұл аймақты кесіп өткендіктен, шығарған өнімді тасымалдауға да ешқандай кедергі жоқ. Қала аумағында ауылшаруашылық өнімдерін ғана емес, өндіріс те өркен жайып келеді, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Бұған мемлекеттен берілетін жеңілдіктер мен арзандатылған несиені қосыңыз. Осындай жағдайлар бұл аймақта орта бизнестің өркендеуіне септігін тигізуде.

«Қазына жер ЛТД» серіктестігі 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл шаруашылық сүт өндіреді. Жобаға «КазАгроФинанс» несие беру корпорациясы қолдау көрсетіп,  1 млрд. 870 млн. теңге берген. Өз қаражатынан — 330 млн. теңге құйған.  Зеңгі бабаның  Гольштейн Фриз тұқымын Канададан алдырды. Ірі қараның бұл түрі  5 жылда жергілікті климатқа бейімделіп, жыл сайын төл беріп жатыр. Мұнда қазір 1270 сиыр бар. Оның 560 басы сауылады. Әр қайсысы күніне 27 литрге дейін сүт береді. Тәулігіне 14 тонна өнім «Фудмастер» және «Сайрамсүт» зауыттарына жөнелтіледі.

Бақтияр Қуатбеков- «Қазына жер ЛТД» ЖШС басқарушы менеджері

Біздің майлылық 3,9 – 4,2 пайыз сол кезде сүттің бағасы 120-130 теңге жуықтайды. Алдағы уақытта 50 тоннаға жеткізсек деп отырмыз. Үкімет тарапынан қолдау бар.

Ел үкіметі асыл тұқымды сиырды көбейту үшін мал басына қаржы төлейді, одан қалса жемінің әр келісіне 20 теңге төлейді. Ал сатылған сүтіне 30 теңге субсидия береді. Сондықтан, кәнігі мың сиырдан асылтұқымды жүз сиырды баққан барлық жағынан тиімді болып тұр. Мұнда қазір жергілікті 95 тұрғын жұмыспен қамтылды.Орташа жалақылары 70 мың теңге көлемінде.   Арыс қаласы тек мал шаруашылығына  ғана қолайлы емес. Мұнда жер асты минералды суының емдік қасиеті де мол. Осыны ескерген жергілікті кәсіпкерлер «Арыс» деген брендпен емдік асхана суын шығаруды қолға алды. Жобаның жалпы құны 250 млн теңге. Өндіріс орынының жылына 18 млн. литр су шығаруға қуаты жетеді. Мұнда 50 адам жұмысқа қабылданды. Орташа жалақылары 60 мың теңге.

Руслан Полатханұлы — «Арыс минералды суы» ЖШС-нің директоры

Кремний азоттың емдік суы болып саналады. Ол жөнінде курортология институтының қорытындылары алынған. Енді осы республика көлемінде суымызды шығаруды жоспарлап отырмыз. Даму деген бағдарламаға енгізілді.   

Бұл мекеме  30 млн. теңге қаржы жұмсап, емдік монша да салған. Онда бір мезгілде 80 азаматқа қызмет көрсетіледі. Бұл жобалар Арыс қаласындағы Орта бизнестің алғашқы өкілдері санатында. Алдағы уақытта кәсібі өрге домалаған шағын кәсіпкерлердің де нәсібі молаяды деген сенім бар. 

Н.КЕНЖЕХАН                         

 

1 171 қаралым