Жарияланды: 06.10.2018

Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі арта түспек

Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында ағымдағы жылы жалпы құны 20,4 млрд.теңгені құрайтын ПУИД-2 жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба бойынша жалпы суармалы жер көлемі 39757 гектарды құрайтын Жаңа жол, Еңбекші, Иіржар, Бірлік, Жамбыл, Мақтаарал, А.Қалыбеков ауылдық округтеріндегі «Казсушар» РМК мекемесінің теңгеріміне өткізілген ағын су нысандарына (каналдар, ағын су қашыртқылары мен тік дранажды ұңғымалар) Үкімет тарапынан қаржы бөлу арқылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттарын жасау жұмыстары аяқталып, дайындалған жобалық-сметалық құжаттар бойынша атқарылатын жұмыстарға мердігер мекеме анықталып, ПУИД-2 жобасының 1-ші кезеңі маусым айының соңына қарай басталады деп күтілуде. Осындай жұмыстар ауданда ПУИД-3 жобасына ұсынылып отырған жалпы суармалы жер көлемі 45786,03 гектарды құрайтын Ынтымақ, Мақталы, Абай, Қызылқұм, Ж.Ералиев, Ш.Ділдәбеков және Қазыбек би ауыл округтеріндегі ағын су нысандарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін аталған ауыл округтеріндегі агроқұрылым басшыларымен жиындар өткізіліп, атқарылуы тиіс жұмыстар нақтыланды. Бүгінгі таңда техника-экономикалық негіздемесі жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Осы аталған ауыл округтеріндегі ағын су нысандарын (каналдар, қашыртқылар, тік дренаждар, көпірлер т.б.) республикалық меншікке өткізу жұмыстарын ұйымдастыру қолға алынған. Ауданда ПУИД-2 және ПУИД-3 жобаларын іске асыру арқылы 85543,03 гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарып, 1640,6 шақырымдық 763 дана су жүйелері мен 359 дана тік дренажды ұңғымалар қайта жөнделіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі арта түспек. 

 

 

1 322 қаралым