Түркістан облысындағы Шардара ауданында 1115 гектарды құрайтын күріш алқабына орақ түсті. Бүгінде оның жартысы жиналып үлгерген. Ақмаржанның орташа өнімділігі гектарына 70,2 центнерден асады деген болжам бар. Науқан соңына дейін өнімділік көлемі еселене түспек, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы.
Шардара ауданына қарасты Ұзын ата ауылының диқандары күріш орағына кірісіп кетті. «Айткүл – Атақоныс» фермерлік шаруашылығы 20 гектарлы алқаптың жартысына жуығын орып үлгеріпті. Қожалық төрағасы Рахымберді Айтмырзаевтың айтуынша, күріш экологиялық жағынан ең таза дақыл.
Рахымберді Айтмырзаев — «Айткүл-Атақоныс» фермерлік қожалығының төрағасы
–«Ұмытпасам, 1988 жылдары болса керек, кеңшар директорының тікелей бастамасымен халыққа таза өнім ұсынамыз деп 500 гектарға ешқандай гербицид пайдаланбай күріш тұқымын өсіруге кірістік. Сол кезде біздің күрішіміз экологиялқ таза күріш болып танылды. Оған мемлекеттен қолдау ретінде 20-30 пайыздай үстеме ақы төленетін. Яғни, біздің шаруашылықта өсірген күріштің бағасы өзге аймақта өсірілген күріштен қымбат жүретін еді. Мен сол тәсіл бойынша қазір де гербицидсіз өнім өндіріп келемін.
42 жыл ауылда жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Мұрат Нұрпейісов жергілікті күріштің артықшылықтарын жақсы біледі. Әу баста күріш өсіруге жер танаптарын арнайы дайындаған кеңшардың бірі — осы Ұзын ата ауылы. Өнім көлемінің артуына ағын судың жеткілікті, ауа-райының қолайлылы болуы себеп дейді.
Мұрат Нұрпейісов, ауылшаруашылығы саласының ардагері
–«Шардараның күріші басқа облыс пен республикаларда өсіріліп жатқан күріштерден әлдеқайда сапалы екенін шаршамай айтып келемін. Былтыр облыста өткен бір жиында тек Шардара ауданының өзінен 1000 тонна күріш шетелге экспортқа шығарылғанын басшылар айтып өтті. Ауылшаруашылығын әртараптандыру бойынша да күріштің пайдасы көп.
Жұмахан Дүйсенов, «Қазмақта» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Шардара аудандық филиалының бас агрономы
–Тәжірибе ретінде әкелген сол тұқымдардың ішінен осы сорт біздің өңірге тез жерсініп кетті. Өнімділігі жақсы, біздің табиғатымызға бейім болғандықтан, «Мұстахиллик» тұқымын көбейтіп, жаппай пайдалануға көштік. 125-130 күнде пісетін бұл сорттың өнімділігін 90 центнрден айналдырып, Одақ бойынша атымыз шығып, дүркіреген кездерді қалай ұмытамыз.
Биылғы өнім 75-80 центнерден болады деген болжам бар. Алынған өнімнің 40 пайызы қолжетімді бағамен, яғни 150 теңгеден аудан көлеміне сатылымға шығады. Қалған 60 пайызы Ауғанстан мемлекетіне экспортқа жіберілмек.
Р.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ