Жарияланды: 07.10.2018

Отандық өнім — экономиканың өрісі

«Бал Текстиль» ЖШС-і
Түркістан облысындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Фабрика 1 жылда 5 млн шаршы метрге дейін кілем бұйымдарын өндіреді. «Oerlikon Neumag» Германиялық машинасымен полипропиленнен жіп өндіреді. Оның жылдық қуаттылығы – 4000 тонна полипропилен жіп. «Бал Текстиль» кілемдеріне сұраныстың артып отыр. Германиядан әкелген машинаны орнатып, жіп өндіру жобасын іске қосқанда кілемнің өзіндік құны 20 пайызға төмендеді. Оған дейін тоқымаға қажетті жіптерді шетелдерден импорттауға мәжбүр болатынбыз. Қазір жіпті фабриканың өз цехында өндіру шығынды біршама азайтты. Тоқыған кілемдерің арзан бағамен сатылуына да ықпал етті. «Oerlikon Neumag» машинасынан шығатын жіп талшықтары «Allma Volkmann» машинасында иіріледі. Бір жіп 144 талшықтан құралса, келесісінде 180 талшық болады. Талшық санына қарай олардың сапасы анықталады. Осы талшықтарды түтілместей етіп ширату үшін Франциядан алдырған «SUPERBA» машинасында ширатылады. Мұнда иірілген жіптер 70-1350 С ыстық буға піседі. Ыстық буға піскен полипропиленді жіптер өзінің бастапқы иірімділік қалпын сақтайды және кілем бетіне ауыр зат қойғанда түгі құлап, сынбай бастапқы қалпын сақтайтын болады. Бал Текстиль» ЖШС 2016 жылы шведтің атақты «IKEA» компаниясымен сауда-саттық саласында келісім жасады. Сонымен қатар Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікістан сияқты өз төңірегіміздегі елдермен қатар еуропалық Германия мен Ұлыбритания елдері де қазақ өнімін тұтынуда. Бұл біздің фабриканы сапа арқылы қол жеткізген жетістігі. Өндіріс орны еліміздің барлық аймақтарында фирмалық дүкендер желісін ашып, отандық өнім саудасын жолға қойған. 

Ақмарал Молдиярқызы, «Шымкент келбеті»

 

1 069 қаралым