Жарияланды: 08.10.2018

Түркістанға туристер есебінен 4 млрд.теңгеге жуық кіріс кірді

Рухани шаһар — Түркістанға келуші туристердің қатары артты. Жыл басынан бері, 8 айдың өзінде, облыстың орталығына бір емес, 900 мыңға жуық турист келіп, киелі жерді тамашалаушылар қатарынан табылған, деп хабарлайды otyrar.kz. Оның 32 мыңы – алыс-жақын шетелден келген саяхатшылар екенін ескеріңіз.

Осылайша келім-кетім туристердің есебінен облыс қазынасына 3 млрд. 73 млн. теңге қаржы түскен. Бұл өңірлік өнім көлемінің 6 пайызын құрайды. Ал алдағы уақытта тек даму мен өрлеуді көздеген өңір 2025 жылға да жүгенді жоспар түзіп қойған. Мәселен, сол мерзімге дейін туристерден тікелей түсетін табысты 12-14 пайызға жеткізу керек. Сондай-ақ, сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар пайда болып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Жасыратыны жоқ, бүгінде Түркістанға ат басын бұрған көпшілік — шетелдіктер мен отандастарымыз да ең алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бұрылады, ғасырлардың естелік-сырына үңіледі. Яки, жеті ғасырды бойына бұққан жәдігерлермен танысады. Суретке түсуге де мүмкіндігі бар.

Ал келешектің еншісінде киелі қаладағы туризм саласын жүйелеп, мұндағы көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту үшін «Яссави», «Мәңгілік қазақ елі», «Қолөнер шеберлері», «Тарихи-мәдени туристік» орталықтары мен «Rixsos» қонақүй кешені сияқты ірі жобалар жүзеге асырылады. Және облыс орталығынан жаңа әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал салынып, елдің игілігіне берілмек.

Мөлдір Бекеева 

1 118 қаралым