Жарияланды: 16.08.2017

Төсекте тоят таба аласыз ба?

Қазекем ешқашанда көрпе астындағы тірлікті жалпақ жұртқа жайып, жария етпеген. Бұл түрлі кезеңдерді бастан өткеріп бүгінде демократиясы гүлдеп тұрған дәуірде де әлі күнге дейін «ұят-айдың» айналасындағы тақырып саналады. Ұлдан ұят, қыздан иба кетпеуі үшін «тәк, тәк» және «тәйт»-пен өскен ұрпақ әлі де ұяттың көбесін сөге қойған жоқ. Соның арқасында болар батыстағыдай бейәдептік орын алып, ел шошытарлық небір сұмдықтар орын ала қойған жоқ. Бетін әрі қылсын дейміз…
Дегенмен қоғамға сексуалдық мәдениет қажет. Жастардың санасы уланбауы үшін, бейәдептен бойын аулақ салуы үшін. Ненің жақсы, ненің харам екенін айырып алуы үшін. Кезінде Ишанбай Қарақұловтың «Қырық сұрақ» атты кітабы шыққанда осы тақырыпқа сусап отырған қоғам сілкініс тудырған-тын. Дәл осы салада көзі ашылмай, қараңғылықта қалған қазақ қоғамы расында алғаш «шөлін басқандай» болған. Аталмыш кітап кейінірек «Сырласу» деген атпен қайта басылып шыққанда да сұраныс аз болған жоқ. Үлкендер жағы үйдегілер тегіс ұйқыға кеткен уақытта жасырып оқыса, жастар жағы көрпе астында тығылып оқыды. Бұл кітап алғашқы төсек әліппесі болды десек артық айтқандық болмас. Қазақы тілде тым асырып та жібермей, тым әсірелеп те жібермей жеткізген кітап бұл салада тыңнан түрен салып еді. Одан кейін де Т.Бесбаевтың «Төсек ләззаты» атты кітабы шығып, аңқасы кеуіп отырған оқырманның таңдайын жібіткендей болған. Одан кейін бұл тыңға табан тірегендер болған жоқ. Яғни, осы тақырыпта қалам тербеуді қазақ қаламгерлері де, сала мамандары да жылы жауып қоя салды. Ғаламтордан өздері-ақ оқып, білім көкжиектерін кеңейтіп алар деді ме екен әйтеуір төсектегі тәжірибені арттыруға үлес қоссам дегендердің көші қаңтарылды. Әрине жоқ жітігіңді демде-ақ алдыңа тосатын ғаламтор желісінен бәрін тауып алуға болады-ақ. Алайда ол қазақы менталитетімізге сай емес. Тым батысшыл. Ар-ұяттың ауылынан алыс қонған, дөрекі төсек қатынасын насихаттайтын дүниелер. Ал бізге нәзік, майдың арасынан қыл суырғандай дүниелер қажет. Қазақы танымда, қазақы жанның айналасындағы. Өкінішке орай ондай дүние табылмай тұр. Бұл салада соны сүрлеу салу емес мақсатымыз. Негізінде…
Бүгінде көк көрпенің бүлкілі жайлы жазылған дүниелер өте өтімді. Анайы түрде жазылған жабайы әңгімесымақтар емес, әрине. Ондай «көркем шығармаларға» қазақ қоғамы тойып бітті. Тіпті жеріндіріп жіберді. Ғылыми түрде дәлелденген, мамандардың пікірін қосып сарапталған төсек тақырбындағы мақалаларға қоғам шөліркеп отыр. Оған түрлі сайттардағы осы тақырыпта қозғалған мақалалардың өтімділігінен-ақ байқауға болады. Сондай мақалалар бірден оқырман тартады, оқылмай қалғаны жоқ. Тіпті оқырман саны бірден бірнеше дөңгелегі бар мыңдықтарға бірақ шығады. Осыдан-ақ байқауға болады: төсек тербелісі туралы тәжірибе арттыратын анықтамалық-кітапқа қазақ қоғамы шөліркеп отыр. Бұл саладағы алғашқы қарлығаш бола қоймаспыз. Әрі соңы да біз болармыз деп тағы да айта алмаймыз. Сонда да болса «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» септігіміз тисе дегендік біздікі. Сонымен мархабат…
Төсек асты «ойынында» тәжірибе арттыру қай жаста болмасын артықтық етпейді. Қазақылығымызға салып «ұят болады» деу бұл жерде тым артық. Жасырары жоқ, үйленгенге дейін жігіт серілік құрып бұл ауылдың дәмін татып, біраз тәжірибе жинақтап үлгереді. Ал пәк күйінде келуі тиіс қыздың қайдан тәжірибе жиюы мүмкін?! Сондықтан да төсектегі қимыл-әрекетке өз күйеуі үйретуі тиіс. Алайда еркек біткеннің бәрінің тәжірибесі мықты деп ешкім де айта алмайды. Тіпті олардың өзінің де оқып үйренері көп. Бұл жерде көмек қолын созатын көрнекі құрал жоқтың қасы. Енді не істемек керек? Шетелдік әдебиеттерден, сайттардағы тәжірибе алаңынан алып, оны қазақы қалыпқа салып іс жүзінде жүзеге асырып көруге болады. Түгел дерлік емес, әрине. Ондағы қалып-күйдің бәрі де «әріптесіңізге» ұнамауы мүмкін. Сондықтан да төсек асты ойынында қайсы ұнамды, қайсы жағымсыз екеуара келісіп пішсе, тонның келте болмайтыны анық. Оның отаудың беріктене түсуіне қосар үлесі қомақты болмақ. Бүгінде жасыратыны жоқ ажырасушылардың қатары көп. Олардың басым бөлігі «мінезіміз үйлеспеді» деп жақауратқанымен оның астарында төсектегі үйлесімсіздік атойлап жатуы мүмкін. Оны олар айқайлап айта алмайды. Бұлай айтса өліммен тең. Осылайша ең басты тақырыпты жылы жауып қоя салады. Оны осындай шиеленіске жеткізбей барынша алдын алуға тырысу қажет еді. Амал не?
Төсек ләззатының төл ерекшеліктері туралы тәй-тәй басқан балаға жүруді үйреткендей болған жарамас. Дегенмен де… Әйелдер арасында аю құрсақ, қоян құрсақ, қой құрсақ деген бар. Яғни, аю құрсақ -5 жылда, не болмаса 10 жыл аралатып барып құрсақ көтеретіндерді айтады. Ал, қоян құрсағымыз – бір жатқаннан-ақ құрсағы құр қалмайтындар. Ал қой құрсағымыз 1жыл, екі жыл аралатып көтеретіндер. Сол сияқты еркектердің арасында да тез бітіретіндер, қоян сияқты ылдым-жылдым аяқтайтындары бар. Ал ұзағырақ ырғайтындары өз бойын билей алатындары. Ол үшін де тізгіндеу тәсілін үйренуде тәжірибе керек-ақ. «Жұмыртқаның тауыққа ақыл айтпайтыны» секілді ешкім де папа болуды іштен біліп тумайды. Тұқым қуалайтын ерекшеліктер болғанымен бәрі бір де жүре келе үйренетін жәйттер көп.
Осы орайда маманның аузына сөз салуды жөн көрдік:
Жақсыкелді Мақсұмов, сексопатолог:
— Жыныстық қатынасты күнделікті күйбең тіршіліктің бір парасы деп қарау үлкен қателік. Ол өзінше бір әлем, адам құштарлығының қанағат табатын сәті. Сондықтан да оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Әрі күнделікті қайталанатын қызықсыз ойынға балаудың да жөні жоқ. Жұбайлық өмірді бақытты етудің кілті ең алдымен жыныстық үйлесімдікте жатыр. Жан жүрегімен сүйіп, жан қалауымен бас қосқан күннің өзінде жыныстық сәйкессіздік пайда болса бұл үлкен бақытсыздық. Оған көнбістік танытып жүре беруі мүмкін кейбіреулердің. Алайда ажырасуға дейін жеткізетін бақытсыздықтың алдын алуға болады. Ол үшін арнайы сексолог, сексопатолог, андрологқа қаралып ақыл-кеңес алу артықтық етпейді. Мұндай жағдайда еркектер көбіне сырттан қызық іздеп, қанағат тапса, әйел өз бақытсыздығын балаларының бақытына айырбастайды. Солар үшін өмір сүріп, төсектегі «тәтті өмірді» күйбең тірліктің көлеңкесінде қалдыруға тырысады… Жаны да, тәні де ерін қалап тұрған соң әйел төсекте еріне бақыт сыйлауға, төсегін тәтті етуге тырысуы қажет. Жыныстық қатынастың нәзік қылдай психологиясын терең меңгеруді қажет етеді. Ондағы әрбір деталь назарда болуы тиіс. Тазалық та, іш киім де, алған тынысыңызға дейін, тіпті айтқан сөзіңізге дейін еріңізді елітуі тиіс. Ең алдымен еріңіздің қалауын орындауға міндеттісіз. Тіпті ол қалып күй сізге ұнамаса да! Сексуалдық жағынан сауатсыз болудан сақтаныңыз. Білмейсіз бе, сұраңыз, оқыңыз. Төсек ләззәтын сыйлау тек еркектің ғана міндеті емес. Оған әйелдің де қосар үлесі мол. Еркектің құштарлығын арттырып, жаңа көргендей ынтызарлықпен қауышуға ұмтылуына ең алдымен әйел міндетті. Төсектен ләззат ала алмай, тояттанбау яғни, оргазм алмау әйел үшін қауіпті. Ол тіпті түрлі аурулардың бастау алуына себеп болуы да мүмкін. Ал еркек пен әйелдің бірдей «бітіруі» көп жұптарда кездесе бермейді. Кейбір еркектер тек өзі қанағаттанса болғаны, әйелінде шаруасы болмайды. Егер осы жағдайды әйел құлаққағыс етсе онда арада ұрыс керіс болуы әбден кәдік. Төсек қатынасында ләззәт шыңына қол ұстаса шығу адам денсаулығы үшін де, ұрпақ саулығы үшін де әсері мол екенін есте ұстаған абзал. Бар жан тәнімен беріле білу де өнер. Қалай «сәлемдессең» жауап та сондай болмақ. Мәселен, күйеуіңіздің сізге үнемі ләззәт сыйлай алмайтынын түсіндіңіз делік. Оның бірнеше себептері болуы мүмкін. Зерттеп көріңіз. Бәлкім ол шыңға шығып қалғанда сіздің күйтіңіз енді оянуы мүмкін. «Тежей тұр» дегеніңізбен ол көліктің тежегіші іспетті сол сәтте тоқтай қалмайды. Өзін өзі тежеу тәжірибесі көп еркекке тән емес. Сондықтан да өзіңізге не ұнайды, оған не ұнайды ой жүгіртіп көріңіз. Бір-біріңізді ыммен түсінетін жағдайға жеткізіңіз. Әйел «сүтім тасып кетпей ме, қазан қайнап кеткен жоқ па?» деп басқа дүниені ойлап жатса қандай ләззәт, қандай рахат туралы сөз болмақ? Мұндайда еркек басқа бір төсек ханшайымына көз салып кетсе оған әрине ең алдымен әйелі кінәлі. Сондықтан да еріңіз өзгеге өзеуремес үшін өзіңіз ханшайым болыңыз. Ынтызарлықпен өз ісіне кіріскен еркектің қимылына қарсы қимылмен жауап беруді де меңгеру қажет. Еріңізге қандай қалып күй ұнайды, біліп алыңыз. Әрі үнемі бір «ойынды» қайталай беру де жалықтырады. Сондықтан да түрлі әдіс, тәсіл, амал айла ойлап тауып, еріңізді де, өзіңізді де рахатқа бөлеу өз қолыңызда. Төсекте тоят алу шеберлігін әр әйел үйренуі міндетті.

Бұл кіріспе ғана. Келесі жолы төсекте тоят алу мәселесі төңірегіндегі сериалы мақалаларымызды күтіңіз…
Сұлтан ХАН

6 504 қаралым