Жарияланды: 09.10.2018

Келесі жыл «Жастар жылы» деп аталады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Жолдау қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне, табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары мен алда атқарылуы тиіс міндеттерді саралай келген Елбасы жастар мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынамын» деді Елбасы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда бойскаут негізінде «Сарбаз» жасөспірімдер клубын құруды тапсырды.

Сонымен қатар, мамандық таңдауда да жастардың қателеспеуі керектігін баса айтты. «Биыл университет түлектерінің қанша бөлігі жұмысқа тұра алмады? Осы көрсеткішті ашып көрсету керек. Жұмысқа тұруға жол ашпайтын дипломның керегі жоқ» деді Мемлекет басшысы. Алдағы уақытта қолда бар инфрақұрылым негізінде Назарбаев университетіне ұқсас университет құрылатын болады. Бұл негізі политехникалық ЖОО болмақ. Мұның себебі – мектеп түлектерінің біздің жоғары оқу орындарының сапасына сенімсіздік танытып, Ресейге оқуға кетіп жатуы. Сол себепті елімізде кез келген жасқа жоғары білімнің қолжетімді болуы қамтамасыз етілуі тиіс. Елбасы осыны қадап айтты. Еліміздің болашағы – жастар үшін бұл зор қуаныш.

Балмаржан НАРБЕКОВА, Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы.

1 302 қаралым