ОҚО-да «Отырарды қорғау» атты мультфильм жарыққа шықты

Оңтүстік Қазақстан облысында «Отырарды қорғау» атты анимациялық фильм көрерменге жол тартты. Тұсауы кесілген туынды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың идеясымен дайындалған.

Қазақ халқының тарихынан сыр шертетін шығарманың салтанатты тұсау кесер рәсіміне облыс әкімі, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты. Жиында сөз алған өңір басшысы фильмді дайындаудағы мақсатына тоқталды.
«Мемлекет басшысы мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиялық тәсілдермен де шыққаны абзал деген болатын. Бұл тапсырма өңірімізде тиісті деңгейде атқарылып келеді. Міне, «Отырарды қорғау» анимациялық фильмі осының дәлелі», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өңірдегі туризм саласын дамытуға, Отырар төбесінің мәртебесін көтеріп, шетел азаматтарының қызығушылығын арттыруға, көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерді насихаттауға, көрерменді патриотизмге баулуға бағытталған дүние «2D, 3D» форматында жасалған.
Бұл фильмде аты аңызға айналған көне Отырар қаласының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті елін сүйетін екі баланың бастан кештен хикаялары арқылы суреттеледі. Шығарманы тамашалаған көрермен әлемдегі екінші кітапхана атанған Отырар кітапханасы мен Әбу Насыр Әл-Фараби туралы толық мағлұматтарға қанығады. Сондай-ақ, жауды күшпен ғана емес, ақылмен де жеңуге болатынын түсінген балалардың ерлігі баяндалады.
Анимациялық фильмнің режиссері әрі бас суретшісі – Азамат Ерназаров, сценарий авторы – Бақытжан Құлжабай, музыкасын жазған – Руслан Шынықұлов, фильм директоры – Нуриддин Паттеев.
25 минуттық анимациялық фильмнің алғашқы көрсетілімінен кейін, облыс әкімі жобаға атсалықан азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Айта кетейік, бұл Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырысымен түсірілген жалғыз фильм емес. «САҚ» киностудиясы бұған дейін «Күш атасы — Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт» мультфильм және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикаясын дайындады.
Бұдан бөлек, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Төле би» 10 сериалы кинохикаясын, «Түркістан», «Оқсыз оқиғасы», «Ордабасы – бірліктің туы» атты анимациялық фильмдерін түсіру жоспарлануда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

112 қаралым

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*