Жарияланды: 11.10.2018

Жетісай ауданында 14924 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков Жетісай ауданындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарының тыныс-тіршілігімен танысты. Ербол Қуанышұлы ең алдымен Жетісай қаласындағы «Нұрай» сауда орталығына атбасын бұрды. 2016 жылы 150 млн теңге инвестиция есебінен бой көтерген орталықта бүгінде 15 адам жұмыс істейді. Мұнда азық-түлік тауарларының барлық түрі саудаланады. 
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Жетісай қаласындағы «Отан» сауда орталығында болды. Бүгінде «Сулпак» сауда белгісімен бизнесін өркендетіп отырған сауда кешенінде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2017 жылы ашылған сауда кешеніне Саховтар әулеті 200 млн теңге қаржы жұмсапты. Сауда кешенін аралап көрген Ербол Қуанышұлы орталықтың жұмысына оң бағасын беріп, жұмысына сәттілік тіледі. 
Ербол Қуанышұлы мұнан соң «Мерейсұлу» кондитерлік цехына аялдады. 2016 жылдан бері жұмыс істеп тұрған цехта 18 түрлі көндитерлік өнім шағарылады. 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда дайындалған өнімдерді негізінен Жетісай мен Мақтаарал аудандарының тұрғыны тұтынады. Шағын кәсіпорын иесі облыс әкімінің орынбасарына алдағы уақытта мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді алып, өндірісін одан әрі өркендетуге ниетті екендігін жеткізді.
Бұдан бөлек, Ербол Қуанышұлы Жетісай қаласындағы орталық базардағы күре жолдан салынып, жуырда ғана ел игілігіне берілген аспалы көпір мен сондағы сауда қатарларының бүгінгі жай-күйімен танысты. 
Айта кетейік, қазіргі таңда Жетісай ауданында 14 924 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның ішінде 503-і заңды тұлғалар, 3948-і кәсіпкер, 10473-і шаруа қожалықтары саналады. 
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

860 қаралым