Жарияланды: 23.03.2018

Күнгейде «Наурыз көктем – Шымқала» айтысы өтті

Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «Наурыз көктем-Шымқала» айтысы өтті. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауға арналған биылғы айтыстың ерекшелігі –дәстүрлі түрдегі дода бағытында емес, айтыс-шоу түрінде ұйымдастырылды.

Айтысқа елімізге белгілі 14 айтыскер ақын қатысып, Қазығұрттан бастау алған әз Наурыз мерекесі мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өңірімізде жасалған үлгі боларлық оңды істер жөнінде сөз қозғап, Шымкент қаласының шырайлы келбеті мен өсіп-өркендеуін тілге тиек етті. Айтыстың шымылдығын Бекарыс Шойбеков пен Сырым Әуезхан ашса, Оңтүстіктің айтыскері Анар Жаппарқұлова мен тараздық Әсет Дүйсебаев рухани кешті жалғады.

Батыс Қазақстан облысынан келген Талғат Мықи мен талдықорғандық Сара Тоқтамысова, Батыс Қазақстан облысының айтыскері Мұрадым Мирланов пен оңтүстіктік Жарқынбек Наушабеков және Астана қаласының айтыс жүйрігі Балғынбек Имашев пен жерлесіміз Нұрлан Есенқұлов, Астанадан Айнұр Тұрсынбаева мен шымкенттік Қажымұқан Абзалов, астаналық адуынды ақын Жандарбек Бұлғақов пен Ақтөбе облысының шайыры Данияр Алдабергендер айтысып, халықты сұлу сөздермен сусындатты.
Айтыс соңында «Құлманбет айтыс» өнері ұйымдастырылды.

3 318 қаралым