Жарияланды: 14.10.2018

Мал басын асылдандыру бағытында жұмыс жасауда

Түркістан облысындағы Төлеби ауданының тұрғыны Мырзатай Сахов бүгінде ата-бабасынан келе жатқан кәсіпті жалғастыруда. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруа бүгінде етті ірі қараның басын көбейтуде. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер атасы кезінде мал шаруашылығын дамытуды қолға алған екен. Бүгінде сол кәсіпті немере, шөберелері жалғастырып келеді. Мырзатай  Сахов, «Өмірбай» шаруа қожалығының төрағасы: «Бұрын тек мал бағып, оның басын көбейтуді ғана көздесек, 2014 жылдан бастап малды асылдандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Алғашында Әулиекөл тұқымын алып көрген едік, малдың түсін өзгертіп, салмағын жеңілдетіп көңілімізге тура келмеді. Содан ангус малын әкеліп, асылдандырудамыз. Қазір қарамағымызда 50 бас мал бар». Ауылда жұмыссыз жүргендерді жұмыспен қамтып шаруашылығының жұмысын ілгерілетуде. Ангус малы арзан тұрмайды. Соған орай оның жем шөбі де молынан болуы керек. Бағымына да көбірек көңіл бөлінуі тиіс. Шаруа етті мал шаруашылығы бағытында жұмыс істеп жатқандықтан көп жылғы тәжірибесіне де сүйенеді. Алдағы уақытта мал басын көбейтуді көздеп отыр. Оған жағдайы да, қора қопсысы да дайын.

1 312 қаралым