Жарияланды: 14.06.2018

Өндірісі өркендеген өлке

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс деп атап өтті. Соған сәйкес, ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында негізгі басымдық индустриалды аймақтарды дамытуға беріліп, қосымша 20 кәсіпорын іске қосылады. Облысымыздағы 11 индустриалды аймақта іске қосылатын 20 жобаның жалпы құны  40 млрд. теңге шамасында. Межелі жоспар іске асса, 1500-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Биыл іске қосылатын ірі кәсіпорындардың ішінде «Шымкент Темір» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің болат құю өндірісі де бар.   Жоба құны — 4 млрд. 290 млн теңге болады. Зауыт жылына  240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Толық қуатына көшкен жағдайда 349 адам жұмыспен қамтылады.  Аталған кәсіпорынның жұмысымен танысқан облыс басшысы зауытқа мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты. Биыл сондай-ақ,  жалпы құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын металлургия зауытының құрылысы жүргізілуде.  100 адамды жұмыспен қамтитын «Амир-А» ЖШС-гі  жылына  150 мың тонна металл өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр.  Индустрияландыру картасы аясында облысымызда 36 млрд. теңгеден астам қаражатқа 1000-ға  жуық жұмыс орнын құрайтын 18 жоба іске қосылған.

Г. Қалмырзақызы            

 

1 050 қаралым