Жарияланды: 20.10.2018

Дихандар биылғы жылды табысты аяқтап отыр

Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданының дихандары биылғы күзгі жиын терім науқанын мол көрсеткішпен аяқтап отыр. Аудан көлемі бойынша биыл ауыл шаруашылығы өнімдері 22 миллиардқа жетті. Соңғы бес жылда көрсеткіш 75 пайызға өскен.  Кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Табысқа кенелген ауылдағы ағайын бұл бағытта жоспарланған межені жүзеге асыруда тынбай еңбек етуде. Биыл  42 мың гектардан 103 мың тонна астық жиналды.  Орташа есеппен, әрбір гектарынан 24,5 центнерден өнім алынды. Бұл көрсеткіш бойынша аудан Түркістан облысында бірінші орында.  Дәнді дақылдардың 38 мың гектар. бидай, қалғаны 4 жарым мың гектар  арпа. Қарқынды бау егуден де меже  жылдың соңына дейін орындалмақ. Жоспар 29 гектар болса,  бүгінде 24 жарым гектарда  жеміс ағаштары жайқалып тұр.  Жүзім 50 гектарға егілген. Жиын терім аяқталуға жақын. Өнім биыл бітік. Ауданда бүгінде 20-дан астам кооператив жұмыс жасауда. Шағын шаруашылықтар бірігіп, бір кооператив құрып, нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы несие алып, кәсіптерін дөңгелетуде. Малды асылдандыру бағытында да жоспар кезеңімен орындалуда. Мал өнімін экспортқа шығаруда қазығұрттық фермерлер өзгелерге үлгі өнеге. Биылдың өзінде көрші  Өзбекстанға «Қайып ата» серіктестігі 1000 мың тоннадан астам ірі қара малдың еті , «Сапа» шаруашылығы 800 тонна қой етін жөнелтті. Бұл  үкімет тарапынан қаржылай қолдауды тиімді пайдаланған  шаруалардың  жетістігі. Биыл қазығұрттық шаруаларға  мал шаруашылығын дамытуға 256 млн. теңге субсидия берілді. Қаржы  66 гектар  жылыжайға да  бөлінді.  Көкөніс өнімдері бүгінде  Солтүстік Қазақстан, Алматы, Астана, Ресей мен Белорусияға жөнелтілуде. Биыл қауынды  шаруа қожалықтары  Польшаға  да жіберді. Осылайша қазығұрттық дихандар жылды табысты аяқтап отыр.

1 178 қаралым