Жарияланды: 20.10.2018

Еселі еңбектің арқасында мол өнім…

Күз мезгілі жиын терім уақыты, ала жаздай еткен еңбектің есебін де беретін кез. Биыл Түркістан облысының дихандары мен шаруалары толағай табыспен аяқтап отыр. Күннің көзі жылт еткен көктемнің уағында әр сағатты тиімді пайдаланған дихандар еккен егінін баптап, енді күз айында мол өнім алып отыр. Масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 17,8 центнерден 405 мың тонна өнім жиналған. Қазіргі таңда күріштен басқа дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары толығымен аяқталған. Күріштің 65 пайызы орылып, ақмаржан тоннасы 12 мыңға жеткен. Мақта дақылының гектарынан түсімділігі 25 центнерден, 195,5 мың тонна өнім жиналды. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,8 млн. тонна өнім алынып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Оның ішінде, 500 мың тоннаға жуық өнім шетелдерге экспортталған. Өңірдегі егістік жердің көлемі 807,4 мың гектарға жеткен. Аталған саладағы өнім көлемін арттыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда. Биыл масақты дәнді дақылдардың егіс көлемі 23 мың гектарға артып 227 мыңға, дәндік жүгері 7 мың гектарға артып, 44,3 мыңға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 7,5 мың гектарға артып, 114 мың гектарға жетіп отыр. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан 1 литрі 158 теңгеден 40,2 мың тонна жанар-жағармай бөлінгенін атап өтті .Бүгінге дейін жанар-жағармайдың 28,7 мың тоннасы нарықтағы бағадан 27 теңгеге арзандатылып, агроқұрылымдарға бөлінген. Одан бөлек, 50 пайыз жеңілдікпен агроқұрылымдарға 80 мың тонна минералды тыңайтқыштар бөлінді. Оның 75 мың тоннасы шаруаларға үлестірілген. Мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың арқасында түркістандық дихандар биыл табысты болып отыр.

1 015 қаралым