Жарияланды: 20.10.2018

Грантқа да, несиеге де қол жеткізді

Түркістан облысында  бизнесті жүргізу бойынша білім алғысы келетіндердің саны артып келеді. Өз ісіңді қалай ашып, оны қалай жандандыруға болады? Ең бастысы, сататын тауарыңның жарнамасын қалай жасаған дұрыс?  Осындай сауалдардың барлығына жауапты «Бизнес-мектебінен» оқып, үйренуге болады.

Түркістан облысында биыл «Атамекен» бизнес мектебінде 600-ге жуық азамат арнайы оқу курсынан өтіп, сертификат алды. Мемлекеттік бағдарламаның пайдасын көріп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендер де аз емес. Солардың бірі – бизнес мектептің түлегі Абзал Әлиханов.

Ағаштан түрлі тұтыну бұйымдарын жасап машықтанған кәсіпкер, Кәсіпкерлер палатасының арнайы оқу курсынан өтіп,  аз ғана уақыт ішінде өз ісін ілгерілетті. Мемлекеттен қайтарымсыз грантын ұтып алды. Аз емес, 2 млн. теңге. Алынған қаражатқа ісіне қажетті құрылғыларды толықтай сатып алып, өз шеберханасын да ашты.

«Грантпен қоса жеңілдетілген несие бойынша да қаржылай қолдау алдым. Оқу тренингінде бизнесте кездесетін қиындықтар және одан шығу жолдарын үйретті. Бұл оқудан өзімді қызықтырған барлық сұрақтарыма жауап алып, өз ісіме сенімділігім артты» – деп атап өтті кәсіпкер.

 Абзал ағаштан түрлі бұйымдар жасауды бала кезден өзіне серік еткен. Қазір әкесі екеуі тапсырыс бойынша түрлі бұйымдар жасайды.Ол үшін қажетті құрылғылардың бәрі бар. Тұтынушылары да аз емес. Болашақта өзінің кәсібін жоғары деңгейге дейін көтеріп, өзінің жеке ғимараты болғаны қалайды. Міне, «Кім? Қайдан? Қашан береді?» – деп алақан жайып отырмай қолынан келген кәсіппен айналысып, пайдасын көріп, ел алғысына бөленуге талпынған адамның қолынан келерін дәлелдеуде.

Бизнесін енді бастағалы жатқан болашақ кәсіпкерлер бастапқы кезде «Бизнес-Кеңесші» атты қысқа мерзімді 16 академиялық сағаттан тұратын кәсіпкерлік негіздерін меңгереді. Оқу барысында әр бастауыш кәсіпкерге бизнесті жүргізудің негіздері бойынша материалдар тапсырылып, кәсіпкерлік психологиясы, бизнес-жоспарлар жасау, кәсіпті заңдастыру, мемлекеттік бағдарламаларды қолдану, қаржылық сауаттылық сынды тақырыптарда сабақтар өткізіледі.

 «Істің көзін тапқанға қашан да қолдау бар. Кәсіпкерліктің қыр сырын үйреніп шыққан түлектерге сертификаттар беріледі. Бұл сертификат арқылы түлектер мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндіктері бар. Оқу курстары барлық аудандарда да өткізіледі. Сондықтан, өз ісін бастауға ниеттілерді бизнес мектебі құшақ жая қарсы алады», – деп атап өтті бизнес жаттықтырушы Қанат Әбілдәбеков.

 Айта кетейік, өткен жылы «Бизнес-Кеңесші», «Бизнес-Өсу» және «Жобалық оқыту» жобалары бойынша 1786 тыңдаушы оқудан өткен. 114 жоба 464 млн теңгеге қаржыландырылып, оның ішінде  8 жоба  32,4 млн теңге сомасын құрайтын грантқа қол жеткізген.

atameken.kz

1 010 қаралым