Жарияланды: 21.10.2018

Түркістан облысында кәсіпкерлер қатары артып келеді

Түркістан облысындағы Кәсіпкерлер палатасы менеджерлері атақты аяқ киім фабрикасы жұмысының жандануына ықпалын тигізді.

Кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай үлес қосып отырған палата сарапшыларымен іске асырлыған жобалардың жұмыстары алға басып келе жатқаны көз қуантады. Сондай бір жобалардың бірі Түркістан облысындағы аяқ киім шығаратын «Заря» фабрикасы.

Кеңес одағы кезеңінде қаламызда аяқ киім тігушілерді дайындайтын дәурені дүркіреген «Заря» кәсіпорыны жұмыс істеген. 1992 жылы қиын-қыстау кезеңде жабылып қалған кәсіпорынды қайта жаңғыртып, 2012 жылы өз қаражатына қайта ашқан  Әлімжан Ыбырайымов  үлкен тәуекелге барады. Бұл фабриканы қайта ашып, еңсесін көтеру оңайға түспеген. Алғашында 5-6 ғана жұмысшысы бар кішігірім кәсіпорын бүгінде еңсесін тіктеп атағы шығып келеді. Кәсіпті өз қаржысына әупірімдеп келген кәсіпкер кәсібін дамытып, көркейту мақсатында Кәсіпкерлер палатасымен келіссөздер жүргізеді. Палатамен ұйымдастырылған көрмелерге қатысып, клиент санын артуына да септігін тигізді. Индустриялық аймақтан ғимарат та бұйырды.

Осылайша, Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің менеджер-кеңесшісі Руслан Сартаев жобаны толық сүйемелдеп, бірлескен жұмыс нәтижесінде 10 млн теңге қаражат несие алып береді. Қажетті қаражатқа қол жеткізген кәсіпорын басшылығы жұмыс санын көбейтіп, қажетті құрылғылар алып қаланының орталығынан дүкен ашты. Бір бөлмесі – дүкен, екінші бөлмесі – цех, үшінші бөлмесі – қойма. Мұнда күніне 70-80 жұп аяқ киім жасалып шығарылады, ал оның 40-50-і бір күнде өтіп кететін көрінеді.

«Біз палата сарапшыларының көмегімен несиеге қол жеткізіп, үкіметтен қолдау алдық. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, 14%-дық несиенің 7%-ын үкімет субсидиялап, қалған 7%-бен жеңілдетілген несие алып берді. Алынған қаражатты толығымен кәсіпорынның дамуына жұмсадық. Қазір брендке айналып келеді. Сұраныс көп», – деп атап өтті кәсіпорын басшысы Әлімжан Ыбырайымов. 

«Заряның» аяқ киімдері Түркістан облысының барлық аудандары мен Алматы, Тараз қалалары, Петропавл және Семей облыстарына шығарылып жатыр.

Мұнда ерлер аяқ киімінің 100, әйелдер аяқ киімінің 40 түрі бар. Сонымен қатар, жасөспірімдерге арналған аяқ киімді де таба аласыз. Шикізаттың барлығы шетелден және көрші облыстардан алынады. Мәселен, табаны мен бауы, былғарысы – Ресей, Түркия, Семей, Тараздан, аяқ киімдерге арналған крем – Қытайдан әкелінеді. Алдағы уақытта шет елдерге экспортқа шығару жоспарланып отыр.

atameken.kz

1 074 қаралым