Жарияланды: 29.10.2018

Мүгедек балаларды оңалту орталығында «Алтын күз» ертеңгілігі өткізілді

Түлкібас мүгедек балаларды оңалту орталығында балалар «Алтын күз» мерекелік ертеңгілігін өткізді. Айнала табиғат қалай алтын түске көмкерілсе, балалар да бұл күні жалтылдаған сары әдемі киімдерді киініп, ерекше көңіл-күймен келіпті. Күз адам баласына ырыс пен береке әкелетін мезгіл. Сондықтан, күзді молшылық кезеңі деп атайды. Бұл шақта жиын-терім аяқталып, егіншілер еткен еңбегінің жемісін көретіндіктен, осы күндері дәстүрлі сабантой өткізеді. Міне, балалар осындай күздің бағасын білу үшін арасында танымдық ойындарға да мән берді. Ортаға Күз ханшайымы шығып, балаларға «Көкөністер мен жемістер»  атты ойын өткізді. Мұнда бүлдіршіндер көздерін тарс жұмып, әр жемістің дәмін тату арқылы, оның қандай жеміс түріне жататынын дәл таба алуы керек. Балалар бұл ойынға бар ынтасын салып,  тістеп жеген жемістің атын атап, мәз-мейрам болды. Ертеңгілік барысында мұнан бөлек көкөністер мен жеміс-жидекке қатысты қызықты жұмбақтар қойылды, балалар жарыса жұмбақты шешуге асықты. Сондай-ақ, арасында Лана, Перизат, Дамир, Жанасыл тақпақ айтып, өзге бүлдіршіндер де ән айтып, би биледі. Қызықты өткен ертеңгілікте мүгедек балаларды оңалту орталығының директоры Р.Т.Тұрсынқұлова балақайларды мерекемен құттықтап, ұжымға рахметін жеткізді. Ал, көрермен ретінде келген ата-аналар өз ризашылықтарын білдірді.

1 571 қаралым